Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк: Теңге өткен аптада 0,1%-ке нығайды

Ұлттық банк: Теңге өткен аптада 0,1%-ке нығайды

Алматы. 26 наурыз. 7kun.kz – ҚР Ұлттық банкі 15 наурыздан 22 наурыз  аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

20 наурыздағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық  бағамы бір АҚШ доллары үшін бір апта ішінде 0,1%-ке нығайып (378,51-ден), 378,17 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюталық нарықта 2019 жылғы 15 наурыздан 22 наурыз аралығында неғұрлым маңызды оқиғалар  қаңтарда АҚШ ФРЖ-нің  пайыздық мөлшерлемені 2,25-2,5%-дық аралықта сақтау туралы шешімі, АҚШ Орталық банкінің ІЖӨ-нің 2019 жылы 2,1%-ке дейін өсуі болжамының төмендеуі, АҚШ пен Еуроаймақтың өндірістік секторында іскерлік белсенділіктің баялауы туралы деректерді жария ету, ЕО-ның Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын кейінге қалдыруға келісімі болды.  Аталған факторлар АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда әлсіреуіне әкелді.

Дамушы елдердің валюта бағамдарының АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:

Индонезия  рупиясы  инвесторлардың тәуекел активтері сентиментінің жақсаруы және АҚШ ФРЖ-нің жұмсақ риторикасы аясында   0,7%-ке (14 260-тан 14 163-ке дейін) нығайды;

Мексика песосы  АҚШ ФРЖ-нің  мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтап қалу, сондай-ақ Комитет мүшелерінің басым бөлігінің оны 2019 жылы көтермеу туралы болжамдарының  аясында   0,6%-ке (19,21-тен 19,09-ке дейін) нығайды;

Ресей рублі  салықтық кезеңнің және шетелдік инвесторлардың ФҚО-ға қызығушылығының артуы  аясында  0,2%-ке  (64,8-ден 64,65 - ке дейін) нығайды;

Үндістан рупиясы портфельдік инвестициялар түріндегі шетелдік капиталдың әкелінуі  аясында 0,2%-ке  (69,1-ден 68,96-ға дейін) нығайды; 

Оңтүстік Африка ранды  Германия, Франция және АҚШ-тағы іскерлік белсенділіктің баялауы туралы деректерді жариялаудан кейін әлемдік экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуіне байланысты инвесторлардың қауіптенуі аясында 0,7%-ке (14,4 –тен 14,5-ке дейін) әлсіреді;

Бразилия реалы саяси тәуекелдердің өсуі аясында  2,4%-ке  (3,81–ден 3,91-ге дейін) әлсіреді; Бразилияның бұрынғы Президенті сыбайлас жемқорлыққа  күдіктілік бойынша тұтқындалған болатын;

Түрік лирасы Түркия ОБ-нің таза халықаралық резервтерінің төмендеуі аясында  5,7%-ке (5,45–тен 5,76-ға дейін)  әлсіреді.

Похожие материалы