Сарапшы: Мұнай бағасы 100 доллар болса да Қашаған инвесторлар үшін тиімсіз
Соңғы уақытта Қашаған мұнай кен орны жобасы мен Қашағанның Қазақстан экономикасына әсері туралы жиі талқыланып келеді. Алайда аталған жоба бойынша өнімді бөлу туралы келісім шарттар (ӨБК) құпия сақталған. Halyk Financе сарапшылары болса дереккөздер мен жобаға қатысы бар лауазымды тұлғалардың мәлімдемелеріне сәйкес, жобаның қазіргі жағдайы мен ел экономикасына әсерін бағалап көрді.
«Ресми ақпараттың болмауына байланысты біздің есебіміз нақты деп кепілдік бере алмаймыз. Алайда, біздің ойымызша, бұл талдау жобаға қандай факторлар әсер етіп жатқаны туралы жеткілікті ақпарат береді. Біздің есебімізге Гарвард бизнес мектебінің Case Study «The Kashagan Production Sharing Agreement» деп аталатын құжатында айтылған өнім бөлімі жөніндегі келісім шарт негіз болды" , - деп жазылған сарапшылардың баяндамасында.
Қысқаша айтқанда
Талдауда негізгі болжамдар мұнай бағасына, жобаға салынған инвестиция және жобаның келесі кезеңдерінің жалғасуына байланысты болды.
Сарапшылар жаһандық экономика мен мұнай нарығындағы жағымсыз тенденцияларды негізге ала отырып, 2025 жылға қарай Brent маркалы мұнай 60 долларға дейін баяу өседі және жоба аяқталғанға дейін (2044 жыл) еш өзгеріссіз болады деген болжам жасады.
Мамандар талдау жасау кезінде өндіріс басталғаннан кейін үш жылдан соң болатын ең жоғарғы өндіріс көлемін негізге алады. Олар осы уақыт бойынша тәулігіне 350 мың баррельді құрайтын бірінші кезең толығымен аяқталды деген жорамал жасайды. Сондай ақ, жобаның бірінші кезеңі бойынша салынған инвестиция шамамен 50 миллиард доллар, оның 46 миллиарды өнімді бөлу туралы келісім шартқа (ӨБК) сәйкес салынған инвестиция деп болжады.
Мамандардың мәліметінше, жобаның (1997 жыл) бірінші кезеңінің құны 10,3 млрд доллар болған. 2005 жылдан бастап өндірісті бастау бірнеше рет кейінге қалдырылды және 2012 жылы негізгі кезең құны 46 млрд долларға дейін өсті. Сарапшылар бағаның өсуін кен орнындағы коммерциялық өндірістен туындаған қиындықтарға байланысты деп түсіндіреді.
Қазіргі кезде жобаға қатысушылар Қашаған жобасы бойынша екінші және үшінші кезеңі басталғаны туралы ешбір мәлімдеме жасаған жоқ. Тәуелсіз сарапшылар жобаны жүзеге асыру жұмыстарының созылуына және көмірсутек бағаларының баяу өсуіне байланысты оны жалғастыру ісіне күмәнмен қарайды. Сондықтан Halyk Finance мамандары "екінші және үшінші кезең жүзеге асырылмайды, ал жоба бойынша барлық 50 млрд доллар шығын тек бірінші кезеңге тиісті болады" дейді.
Сонымен жоғарыда айтылған жорамалдар мен жоба қатысушыларының көзқарасы бойынша тек бір ғана кезеңнің кірісінің ішкі нормасы (IRR) - 4,2% деңгейінде және бұл өте төмен көрсеткіш. Бұдан бөлек ӨБК шарты бойынша жобаға қатысушылар үшін IRR-дың минимал көрсеткіші 12,5%-ды құрайды.
Қорытындылағанда
Halyk Financе сарапшыларының есебіне сәйкес, Қашаған жобасының бірінші кезеңінің игерілуі мұнай баррелі 100 долларды құраса да және ӨБК мерзімін белгілі бір уақытқа дейін созса да консорциумға қатысушы шетелдіктер үшін ешқандай пайда әкелмейді. Сондай-ақ, баяндама авторларының мәліметінше, жобаның нашар көрсеткішке ие болуының басты себебі - консорциум қатысушыларының Қашағанды игерудегі қиындықтарды өз деңгейінде бағаламауы. Нәтижесінде басталған өндірісті 10 жылдан аса уақытқа кейінге қалдыруға тура келді. Сонымен қатар бірінші кезеңді өндіріс шығыны 10 миллиардтан 50 миллиард долларға дейін өсті.
Қашаған жобасы талқылана бастаған уақыттан (1990 жылдың соңы) бастап мұнай бағасы 10 доллардан 140 долларға дейін өсті. Ал қазіргі уақытта мұнай құны 50 доллар деңгейінде. Осылайша бірнеше кезеңге бөлетін болсақ, жобаның негізгі болжам параметрлері бірнеше рет өзгерді: 2008 жылғы баға 1998 жылғы бағамен салыстарғанда 3 есеге жоғары, ал 2012 жылы алғашқы бағамен салыстырғанда 8-9 есеге жоғары болды.
Мұнай бағасының динамикасы
Сонымен ұзақ мерзімге белгіленетін мұнай бағасы есебіне сәйкес, Қашаған жобасы экономикалық тұрғыдан тиімді болуы үшін консорциумға қатысушы шетелдіктерге арнап ӨБК шарттарының мерзімін ұзартып, жобаның екінші және үшінші кезеңін аяқтау керек.
Сарапшылардың сөзінше, мемлекет үшін бұл жоба тиімді. Алайда Қашағанның бірінші кезеңінен түсетін пайданы Қазақстан экономикасы тек жобаның екінші жартысында немесе ол аяқталғаннан кейін ғана көре алады. Бұл экономика жағдайы нашар болып тұрғанда жобаның маңыздылығын азайтады, дейді сарапшылар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024