Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары мемлекетті құрылымдау ісінде, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша, өмір сүру деңгейін жақсарту және тұрғындарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Бүгінде кедейшілік деңгейі 47 пайыздан 2,5 пайызға, жұмыссыздар саны 13 пайыздан 5 пайызға, тұрғындардың кіріс көзі бір адамға шаққанда 28 АҚШ долларынан 302 АҚШ долларына артты. ЖІӨ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни, 2015 жылы 300 АҚШ долларынан 10,5 мың АҚШ долларына өсті. Еліміздің әлеуметтік саласында түрлі қанатқақты жобалар жүзеге асуда. Соның көшбасында «Өрлеу» жобасы тұрғанын айта кеткен жөн.
Мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі – әлеуметтік корғалмаған тұрғындар тобының өмір сүру деңгейін жақсарту. Бүгінгі күні дүниежүзінде әлеуметтік қорғаудың екі жолы бар: әрекетсіз топқа көмектесу (жасына және денсаулығына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтындар); белсенді топқа демеу жасау, тұрмысы төмен еңбек жасындағы тұрғындар, еңбек нарығында өз орнын таба алмағандар.
Қазақстан Республикасының 17 шілде 2001 жылғы №246-11 «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» заңында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, азаматтығы жоқ тұруға рұқсат берілген адамдар және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратындарға, егер жан басына шаққандағы отбасының табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен болса беріледі. АӘК мөлшері – отбасының жан басына шаққандағы табысы мен 40% күнкөріс деңгейінің арасындағы айырмашылық. АӘК – әрекетсіз әлеуметтік көмек: отбасы бұл көмекті таңдап алу шегі біткенше алады. «Өрлеу» жобасы кедейліктен шығуға мүмкіншілігі бар топқа, тек кездесетін қиыншылықтарды жеңуге көмек қажет ететін, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға ұмтылғандарға беріледі. 2014 жылдың қаңтарынан «Өрлеу» ШАК (шартты ақшалай көмек) шартты жобасы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында пилоттық режимде жұмысқа кіріседі. «Өрлеу» жобасындағы шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы отбасының табысы күнкөріс деңгейінен 60% төмен болса беріледі. Бұл «Өрлеу» жобасы бойынша ШАК алу АӘК алушылардан көп отбасыны қамтиды. Сонымен бірге «Өрлеу» жобасы көмектің белсенді түрін ұсынады, әлеуметтік бейімделу, өмірде кездесетін отбасының ауыр кезеңдерден дұрыс өту жағдайы қаралған. Яғни ақшалай көмектен басқа, отбасы жобаға қатысу шарты есебінде өзіне міндеттер алады. Бұл міндеттер мемлекет және отбасы тарапынан қабылданатын «Өрлеу» жобасының келісімінде көрсетіледі. Еңбек нарығы дамыған қалаларда әлеуметтік бейімделу – жұмыс орнын іздеу, жұмысы барларға қосымша табыс көзін табу, уақытша жұмыс орнындағыларға тұрақты жұмыс орнын іздеу, оқыту және қайта оқыту көмегін көрсету. Ауыл тұрғындарына келсек, әлеуметтік бейімделу, өзіне тиісті жерін кеңейту және оны ұтымды пайдалану, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жеке меншіктегі өнімді өткізу, оны сатып алушыларға көлікпен жеткізу және т.б. мәселелер.
Демек, жобаның мақсаты – отбасының табыс көзін молайту. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті берудің жаңа форматы енгізілді. Бір жыл бұрын Қ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 2016 жылы «Өрлеу» жобасы аясында шамамен 38 мың қазақстандық әлеуметтік көмекке қол жеткізгенін айтқан еді. Ол бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңына Мемлекет басшысы 2015 жылғы 29 қазанда қол қойғанын еске салды. Аталған Заңның аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50 пайыздан төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған. Олар қазіргі іс жүзіндегі қағидалардың орнына ұсынылмақ: көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы; аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы; аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.
АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қатысады.
Тұлғаларға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.
Сонымен бірге, вице-министр, 2014 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында сынақтан өтіп, әлеуметтік келісімшартқа отырған азаматтарға шартты қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілгенін мәлімдеді. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен пилоттық жоба қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. 2015 жылы «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам қатысты.
«2016 жылы «Өрлеу» жобасына 38,8 мың адам қатысты. Жобаны жүзеге асырудың арқасында оған қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 2 еседен астамға өсіп, еңбекке жарамды тұрғындардың 90,5%-ы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, пилоттық аймақтардағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 24,7%-ға қысқарды», – деп тарқатты Светлана Жақыпова.
Жобаны әрі қарай, яғни 2017 жылы жүзеге асыру мақсатында, республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына елдің барлық ауданы мен қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған азамат тартылды. 2017 жылдың 1 шілдесінде «Өрлеу» жобасына 107,1 мың адам қатысты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9 есеге көп.
Мысалы, Түркістан облысында 2017 жылы «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 22,8 мың отбасы шартты ақшалай көмекпен және 27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Егер 2016 жылы облыстағы «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны 26,3 пайызды құраса, 2017 жылы жоспарланған көрсеткіш 75,2 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ, былтыр облыста 260 отбасы атаулы әлеуметтік көмек және 62,2 мың отбасы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алып келді. 2017 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, 118, 9 мың азаматқажалпы сомасы 7,2 млрд теңге шартты ақшалай көмек тағайындалған. Ал бұл көмек биыл жаңа формат негізінде 300 мың жергілікті тұрғынға берілмек. Себебі, оңтүстік халқы тығыз қоныс тепкен және бала саны жағынан көрсеткіші жоғары өңір. Жобаға қатысушы азаматтардың да саны жылдан-жылға артуда. Олар шартты ақшалай көмек арқылы өз кәсібін ашуға ынталы.
2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 64 314 адамды қамту жоспарланған. Оған шамамен 11,4 млрд теңге қарастырылды. 2017 жылдың 1 тамызында 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспар 77 пайызға орындалған еді. Мұның Елбасының «100 нақты қадамының» 84-қадамын жүзеге асыруға бағытталғанын ескерген жөн.
Пилоттық жоба 4 аймақты жүзеге асып, нәтижесін көрсетті. Шамамен 30 мың бос жұмыс орны және 15 мыңнан астам еңбекке орналасу дерегі тіркелді. Келесі жылдан бастап барлық 199 жұмыспен қамту орталығы электронды еңбек биржасы бойынша жұмыс істейді. Нәтижесінде жұмысқа орналасатындардың саны артып, 500 мыңға жетеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024