Несие алмай-ақ кәсіп бастауға болады. Осыған үлгі болатын компанияның бірі-қазақы бұйымдарды жасап, сатумен айналысатын"Mukajan" компаниясы. Жақында қазақстандық брендтің дүкендерінің біріне жолымыз түскен еді. Дүкенде бізді қарсы алған "Mukajan" компаниясы директорының орынбасары Заңғарбек Зәрубаев компания жұмысымен таныстырып, сұхбат беруге келісті.
- Заңғарбек, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Тарихтан бастасақ. "Mukajan" компаниясынан құру идеясы қайдан келді?
- Компанияның негізін қалаған қазіргі директоры- Алмас Мұқажан. Ол Қазақ Ұлттық өнер академиясы жанындағы мектепте, кейіннен колледжінде білім алған. Бұл жобаны сол студент кезінде армандап, бастаған екен. Телефонға арналған қап жасап, сыртын қазақтың әдемі оюларымен неге безендірмеске деген ойлап, өз кәсібін құруды жоспарлайды. Алғашында Алмасқа достары, жолдастары бұл идеяның іске аспайтын жоба деген.. Барлығы да "бос қиялға" берілме дейтін. Бірақ бастап қойған соң, артқа шегінуге кеш болды. Нәтижесін, міне – өздеріңіз көріп отырсыздар.
- Бизнесті қалыптастыру өте қиын. Осы жолда қандай кедергілер кездесті?
- Бірінші кезекте, кез келген бизнесті бастау үшін қаржы қол байлау болады. Бізге де сол мәселе кедергі болды. Алмастың ата-анасы «Балам, бизнесті аш. Мынау саған ақша, кәсібіңді дөңгелет» деп бермеген. Істің нәтижелі болуына да бірден-бір себеп осы – өз күшімен жеткен жетістік деп ойлаймын. Ол оқып жүрген кезінде-ақ ол қосымша жұмыстар істеген. Біраз уақыт фотограф болып керегін тауып жүрді. Онымен қоймай, қолөнермен де айналысты. Компанияны ашып, ұлттық бұйымдар жасауы да кездейсоқ емес. Алмастың арғы атасы Мұқажан он саусағынан өнер тамған, өз ортасында беделді қолөнерші болған. Былғарыдан, металдан бұйымдар жасаумен айналысқан. Осының бәрі Алмасқа да жұққан секілді.
- Көп бизнес жобалар несие алудан басталады. Алмас та бұл жолдан өткен шығар?
- Жоқ, еш несие алынған жоқ. Әрине, басында бірден компания аша салынған жоқ. Алғашқыда бірлі-екілі бұйымдар жасап, тапсырыстар қабылдап жүрді. Әрі қолдан жасалған соң, тек материалдарын ғана сатып алып, қалғаны таза еңбекпен келді. Қомақты ақша жиналды-ау дегенде барып, компания жұмысын бастадық. Қиындық көп болды. Бірақ барлығы да Алмастың табандылығының арқасында деп айта аламын.
- Ұлттық болмысты дәріптейтін және осы саланы бизнеске айналдырғандар көп. Бұл тұтынушылардың санына әсер етті ме?
- Қазақы болмысты дәріптейтін дүниелердің барынша көп болғаны жақсы. Бәсекелестік бар жерде - сапа бар. Бәсекелесің озып бара жатса, ізін қуып жетуге тырысасың. Өнімдеріңді, қызмет көрсетуді, жалпы барлық жағынан жұмысты дамытасың. Біз мұны қолдаймыз. Әр дүкеннің өз тұтынушылары болады. Мәселен, біздің дүкеннің клиенттері көбіне былғары бұйымдардан нағыз бір қазақылықтың исі шығады, сол үшін жақсы көреміз деп жатады. Бұндай пікір қалыптасып келе жатқаны бізді қатты қуантады. Себебі, қай бұйымды жасамас бұрын жан-жақты қаралып, тексеріледі. Кем-кетік тұстары талқыға салынады. Әр бұйымда дизайнерлердің, қолөнершілердің жанының бір бөлігі бар. Себебі, біз жүрекпен жасаймыз. Басты артықшылығымыз да осы шығар. Қазақылықтың желі есіп тұрады дегендері де бос сөз емес болғаны. Тұтынушыларымыз риза боп кетеді. Одан артық не керек? Шетелге оқуға кетіп бара жатқан жерлестеріміз дүкенге келіп, бірнеше тауарларды алып кетеді. Өзге елге барғанда «мен қазақпын» деп мақтанып жүргісі келеді. Ою-өрнектермен безендірілген әдемі бұйымдарды ұстап жүру кімге болмасын мақтаныш. Дүкенге кейде туристер келіп, тамсанып, қазақы бұйымдарды сатып алып жатады. Яғни, ұлтымыздың өнеріне бас иеді. Мейлі біздің тауарларымыз әлі шетелге экспортталмаса да, бірнеше елдерді көрді деп сеніммен айта аламыз. Сондай-ақ, сыйлық ретінде де беруге қолайлы. Көбіне тұтынушылардың ағыны мерекелердің қарсаңында көбейеді.
- Байқауымша, дизайнер Алмастың өзі?
- Иә, әр бұйымды Алмас өзі тікелей бақылаудан өткізеді. Тіпті түннің ішінде оянып кетіп, эскиздерін сызып, таңға дейін отыратын уақыттары да болады. Дизайнын, түстерінің үйлесімін, материалын барлығын өзі таңдайды. Дүкендегі бұйымдардың басым көпшілігі осы Алмастың өзінің идеясынан туындаған.
- Яғни, бәрін өздеріңіз жасайсыздар? Дайын өнім емес.
- Жоқ, дайын өнімдер емес. Біздер тек қажетті былғарыны, фурнитураларды, тастарды сатып аламыз. Кейде Қазақстаннан, кейде өзге мемлекеттерден аламыз. Былғарының да түр-түрі болады. Сапасы жақсы болуына аса қатты мән береміз. Шикізаттарын алғаннан кейінгі процесті өзіміз жүргіземіз. Оның дизайнерлік оқуын бітіргені де кәсібімізге көп көмегін тигізді. Бизнес дамыту оңай шаруа емес. Алмас қайтсем кәсібімді дамытамын, қандай өнімдер халықтың сұранысын қанағаттандырады деп ойланумен жүреді.
- Алмастың жалғыз өзіне өте ауыр шығар? Шеберханаларыңыз да бар сияқты. Көмекшілеріңіз көп пе?
- Шағын ғана шеберханамыз бар. Шүкір, халықтың сұранысын жабуға күшіміз жетіп отыр. Осы дүкендердегі бұйымдардан бөлек тапсырыстар да қабылдаймыз. Туған күн иесінің есімін жазып беру секілді бөлек қызметтер де ұсынамыз. Басты дизайнер – Алмас, көмекші қолөнершілердің саны аса көп емес. Үлгергенімізше, қолдан келгенше тез жасалған әрі сапалы дүние ұсынуға тырысамыз.
- Ал қазіргі экономикадағы тұрақсыздық қалай әсер етіп жатыр?
- Девальвация әсерін тигізбей қоймайды. Бағалар өзгеріп жатыр. Біз қолдан жасағанмен, материалды сатып аламыз. Өзге мемлекеттер тұрмақ, қазақстандық материалдардың да бағасы көтерілген. Дегенмен, халыққа қолжетімді болуын ойлап, бағаға аса өзгеріс енгізбедік. Тіпті кейін үлкен компанияға айналған күннің өзінде бағалар аспанға шарықтамайды деп ойлаймын. Байқасаңыздар, қазірдің өзінде бізде бірнеше тауарларға жеңілдіктер жүріп жатыр. Қандай кезең орнамасын, бірінші кезекте халыққа ыңғайлы болуын, халықтың жағдайының келуін басты назарда ұстау керек деп ойлаймын.
-Сұхбатыңызға рахмет, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Аққайыр Жадыра "7"