Выбор редактора
Несие тарихы: бүге-шүгесіне дейін
Несие тарихы дегенді жиі еститін болдық. Ол не екенін түсінетіндер көп болса да, оны қайдан алады, оның пайдасы қандай дегенді сұрайтындар әлі бар. Бүгінгі сұхбатымызда Бірінші несиелік бюроның бас директоры Руслан Омаровпен осы тақырыптар туралы сөйлескен едік.
- Руслан Жеңісұлы, несие тарихы деген не және ол қалай жасалады? Не үшін керек, ол жерде қандай мәліметтер болады?
- Несие тарихы немесе несие есебі дегеніміз - қарыз алушының аяқталған немесе қазіргі міндеттемелері туралы ақпараттары бар құжат. Және де сол міндеттемелердің орындалуын да көрсетеді. Несие есебінде қарыз алушы туралы толыққанды ақпарат бар. Несие берушілер көрсеткен қазіргі және аяқталған келісім шарттардың саны, олардың жағдайы, кепілдік бұйымдары туралы мәліметтер көрсетіледі. Одан бөлек, өтелмеген және мерзімінен асып кеткен сомалар, қарыз алушының төлем тәртібі және өзге де ақпараттар міндетте түрде жазылады.
Несие тарихы қаржылық құжат ретінде жеке басыңызға тиесілі болады. Тіпті сіз тегіңізді, құжаттарыңызды, мекен-жайыңызды өзгертсеңіз де сізбен бірге қалады. Ол несие бюросында қалыптасады. Бюроға ақпарат алдында қаржылық міндеттемелеріңіз бар несие берушілерден және өзге де мекемелерден келіп түседі.
- Әр банктің несие тарихын бағалауда өзіндік өлшемі болады деген рас па?
- Иә, несие берер сәтте әрбір несие беруші өзінің несие беру саясатына сәйкес шешім қабылдайды. Қарыз берушіні бағалау әдісін әр қаржылық/несиелік мекеме өзі белгілейді. Және де несие беру туралы шешімге әсер ететін түрлі стоп-факторлар тізбегін де өзі жасайды.
Қарыз алушының несие тарихын қарай отырып, және де өзіндік несие беру саясатына сүйене отырып несие берушілер келген адамның несие тарихына жағымды не жағымсыз деген баға береді.
Егер несие тарихында сомасы мен мерзімі бойынша үлкен емес қарыздар болса, несие берілмейді деген сөз емес. Бар болғаны консервативтік несие саясатын азырақ ұстанатын басқа банк іздеу керек.
Десе де, барлық несие берушілер қарыз алушының несие тәртібін бағалауға қатысты белгілі бір жалпы өлшемдер ұстанады. Мәселен, несие бойынша қарыз алушының бірде-бір төлемі жасалмаса немесе кезекті төлем 90 күннен артық кешіктірілсе, банктер әрине, тәуекелдерді бағалап, несие беру не бермеу туралы ойланатын болады.
- Несие тарихында көрсетілетін ақпараттарға кім жауапты, кім оған бақылау жүргізіп отырады?
- Несие бюросында көрсетілген ақпараттарға сол ақпаратты жеткізгендер жауапты. Яғни, олар - банктер немесе несие операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын мекемелер.
Өзінің несие тарихын әр адам өзі бақылауы тиіс. Бірінші кезекте несие бюросы азаматтарға жеке несие есебін ауық-ауық алып тұруды және сол жерде көрсетілген ақпараттарды тексеріп отыруды ұсынады.
- Жеке несие есебіндегі ақпараттар қате, ескірген, негізсіз немесе бұрмаланған болса ше? Мұны қалай өзгертуге болады?
- Жеке несие есебінде көрсетілген кей ақпараттармен келіспейтін болсаңыз, ақпаратты жеткізушіге баруыңыз керек. Сіз аяқталған қарызыңыз немесе ағымдағы қарыңыз бар банк немесе басқа да мекеме болуы мүмкін. Сіз қате ақпаратты түзету туралы өтініш жазасыз немесе Алғашы несиелік бюро (АНБ) кеңсесіне ақпараттың дұрыстығын тексеру туралы өтінішпен барасыз. Бұны онлайн режимде де жасауға болады.
Айта кетерлігі, ескірген ақпаратты қате деуге болмайды. Егер несие есебіндегі бір ақпаратты бұрыс деп тапсаңыз, дұрыстығын тексеруге АНБ кеңсесіне немесе ақпарат жеткізушіге өтініш жазуыңыз қажет.
Егер өтінішіңіз несие бюросына бағытталған болса, біздің қызметкерлеріміз қателерді мұқият қарап, енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, қарыз алушы туралы сол ақпаратты берген банкке сұраныс жібереді. Олар өз кезегінде жіберілген ақпараттың дұрыстығын не бұрыстығын анықтайды.
Қарыз алушының өтініші расталған болса, 10 жұмыс күні ішінде ақпаратты жеткізген мекеме несие тарихын жаңартып, несие бюросына жібереді. Егер, расталмаған болса - өзгеріссіз қалады. Несие тарихын түзету деген - бұрыс, шындыққа жанаспайтын ақпараттарға ғана түзету енгізу.
- "Нашар несие тарихы" деген не? Бұл сізге банк есіктері мәңгілікке жабық дегенді білдіреді ме? Нашар несие тарихын түзетудің жолы бар ма?
- Нашар несие тарихы деп мерзімінен асып кеткен берешегі көп ағымдағы болсын, өтелген болсын қарызды айтады.
Несие тарихын түзетуге болмайды. Оны жақсартуға болады. Ол жаңа несиелер бойынша төлем тәртібінде жақсы көрсеткіштер көрсету арқылы жүзеге асады. Жақсартқыңыз келсе, алдымен шағын несиелер алып, уақытында төлеп тұру керек. Осылайша, сіз өзіңіздің міндеттемелеріңізді орындайтындығыңызды және төлем жасауға қабілеттілігіңізді көрсетесіз. Бұл болса, несие тарихыңызды жақсартады.
Әйтсе де, несие беру шарттары қаталдау болуы мүмкін екендігін де ескерген жөн. Себебі, бұрын мерзімінен кешіктіріп төлейтін адамға қарыз берерде банк тәуекелге бас тігеді. Сондықтан, пайыздық мөлшерлемесі жоғары болуы да мүмкін. Банк кепілді заттар қоюды немесе төлем жасау қабілеттілігі жоғары кепілгерді сұрайтыны анық. Бұл қарыздың өтелетіндігіне кепіл болуы тиіс.
Несие беру туралы шешімді әрбір банк өзінің несие беру саясатына сәйкес қабылдайды.
- "Қара тізім" қалай жасалады? Ол тізімге әдетте, қандай адамдар ілігеді? Қажет болған жағдайда олар несие немесе ипотека ала алады ма?
- Алғашқы несиелік бюро "қара тізімдер" жасамайды. "Қара тізімге" біреулерді қосу, немесе сіздің қандай да банктің аталған тізімінде бар-жоғыңызды білу де олардың қолында емес. Әдетте, сіз "қара тізімдесіз" деген жауапты несие бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздары бар адамдар алады. Бұл несие бюросының емес, банктің жауабы. Бұрын айтқанымдай, әр банк өз несие беру саясатын негізге ала отырып, шешім шығарады.
- Руслан Жеңісұлы, жауапты тұлғалар несие тарихын үнемі жаңартып отыруға міндетті ме?
- "Қазақстан Республикасындағы несиелік бюролар мен несие тарихын қалыптастыру туралы" Заң бойынша, ақпарат жеткізушілер несие тарихы субъектісіне қатысты кез келген мәлімет өзгертілген соң 15 жұмыс күні ішінде несие бюросына хабарлауға міндетті.
- Несие тарихыңызда қандай да бір өзгерістер енгізілгенін қалай білуге болады? Сіздің бюро бұл туралы азаматтарды ақпараттандырады ма?
- Бұл өте оңай. Ол үшін жеке несие есебін алсаңыз жеткілікті. Біз жылына кем дегенде бір-екі рет жеке несие есебін алып тұруды ұсынамыз. Бірақ, сіз жиі қарыз алатын болсаңыз, несие тарихына айына бір рет көз жүгіртіп отырғаныңыз абзал. Немесе, «Credit Control – несие тарихын бақылау» жүйесіне қосылыңыз.
Егер сіз несие желісін (несие картасын) жауып тастаған болсаңыз, 15 жұмыс күні өткен соң жеке несие есебін алыңыз. Бұл сіздің несие тарихы бойынша ақпараттарыңызды банк дұрыс жаңартқанын және несие өтелді деп көрсетілгенін растау үшін жасалады.
Егер сіз несие алуды жоспарлап жүрген болсаңыз, бірінші жеке несие есебін қарап шығу үшін алуды ұсынамыз. Іішінде келіспейтін тұстарыңыз болса, ол мәліметтерді тексеруден өткізіңіз. Сізде несие желісі бар-жоғын білмейтін болсаңыз, несие бюросына сұраныс жіберсеңіз, сізге анықтап береді.
Егер сіз жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды жоғалып алған болсаңыз, жоғалған заттарды табу бюросына барып, жоғалтқан күніңізді жаздырыңыз. Себебі, алаяқтар жоғалған құжаттарды несие алу үшін қолданатын кездер жиі кездеседі.
Сонымен қатар, күнделікті несие тарихыңызды тексеріп тұрыңыз. Ол үшін «Credit Control – несие тарихын бақылау» қызметіне қосылу керек. Бұл қызмет смс-банкингке ұқсас келеді. Мәселен, несие тарихыңызда қандай да бір өзгерістер орын алатын болса, сіздің ұялы телефоныңызға немесе электронды поштаңызға хабарлама келеді. Осылайша, несие тарихыңыздағы барлық өзгерістер жөнінде хабардар боласыз.
- Несие тарихының сақталу мерзімі бола ма?
- Несие тарихы мәңгілік сақталатын құжаттардың қатарынан емес. Десе де, сақталу мерзімі қысқа деп айта алмаймын. Заң бойынша, несие тарихының субъектісі туралы соңғы мәлімет алынған күннен соң 10 жыл мерзімде сақталады.
- Несие тарихын қалаған кезімізде қолымызға ала аламыз ба? Қай жерден алуға болады?
- Сіз несие тарихыңызды тексеру туралы айтып отырған боларсыз? Тексерудің бірнеше тәсілдері бар. Электронды-сандық қолтаңбаңыз бар болса, www.egov.kz Электронды үкімет порталынан, www.1cb.kz Алғашқы несиелік бюросынан, 1cb.kz мобильдік қосымшасынан, ХҚКО-лардан, біздің бюроларымыздан мына мекен-жайлардан алуға болады: Алматы, Самал ықш.ауданы, 25 үй немесе пошта арқылы ала аласыз. Өтініштегі қолтаңба нотариуспен куәландырылған болуы шарт. Сонымен бірге төлқұжаттың көшірмесін бірге салып, аталған мекен-жайға жолдауға болады.
- Несие бюросы үшінші тұлғалардың тарапынан сіздің атыңызға несие рәсімдеу әрекетін тоқтата ала ма?
- Біз жылына кем дегенде екі рет жеке несие есебін алып отыруды ұсынамыз. Оның үстіне, бір жыл есеп тегін беріледі. Сонымен қатар, бюро несие тарихын бақылауға арналған арнайы «Credit Control» қызметін шығарды. Бұл қызмет несие тарихыңызда көрініс тапқан ақпараттардан хабардар етіп тұрады.
Несие тарихына қандай да бір өзгерістер енген жағдайда, тұтынушыға смс-хабарлама немесе поштасына хат келеді. Осы қызметтің көмегімен "кездейсоқ несиелерден" сақтануға болады. Және де сотқа шағым түсірген жағдайда несиеге қатысыңыздың жоқтығын дәлелдеуге көмектеседі. Қауіпсіздігіңіздің құны айына 200 теңге, бір жылға жазылу - 2400 теңге. Бұған қоса осы сервис құнының ішіне 5 жеке несие ебесі де қосылған.
- Несиелік бюроның әлдекімдерге тұтынушы туралы ақпарат беруге құқығы бар ма?
- Несиелік бюро өз қызметін "Қазақстан Республикасындағы несиелік бюролар мен несие тарихын қалыптастыру туралы" Заңға сәйкес жүргізеді. Осы заңға сәйкес, жеке мәліметтерді келісім негізінде алуға құқығы бар, тиісті тұлғаларға бере алады.
Сонымен қатар, ақпараттарды тұтынушының келісімінсіз беруге рұқсат етілген заңнамалық норма бар.
- Жеке несие рейтингі деген не? Оны алудың жолы қандай?
- Жеке несие рейтингі дегеніміз - қарыз алушының төлемге қабілеттілігінің бағасы. Ол несие тарихына және өзге де жеке мәліметтерге, соның ішінде жасына, айлық жалақысына, отбасылық жағдайына негізделіп жасалады. Оны 1cb.kz порталы немесе мобильдік қосымшасы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды-сандық қолтаңба мен қызметті төлеу үшін кез келген қазақстандық банктің төлем картасы қажет. Бағасы қымбат емес, бар болғаны - 100 теңге.