АММАН – Араб-Израиль соғысы болған 1967 жылдан бері конфликтіге нүкте қоятын «соңғы статус» мәртебесі жайлы келісімнің ауылы алыс болды. Ондаған жылдар бойы келіссөздер сәтсіз аяқтала берген соң палестиндіктердің өз мемлекетін құруға деген сенімі құрдымға кетті, билік пен оның институттарының да ешқандай қадірі қалмады.
Кикілжіңді реттеу келіссөздерінің басты мақсаты – екі мемлекет құру, алайда «Осло шарты» жүзеге аспай қалған жиырма жылдың ішінде мемлекет құруға апаратын жол жабылғанын мойындауымыз керек. Бағытымызды қайта анықтау қажеттілігі туды.
Израиль үкіметінің қазіргі қалыптасқан статус-квоны өзгерткісі жоқ. Оның жерді кеңейтіп, қоныстану стратегиясының дипломатиялық, экономикалық және қауіпсіздік шығындары аз. Оған «адал ниетпен келіссөз өткіз» деп қысым жасап жатқан ешкім жоқ, сондықтан әсіресе әлемнің басым бөлігі палестиндіктердің тағдыры жайлы жақ ашпай отырған қазіргі сәтте олар кері шегініс жасаудың еш қажеттігі жоқ деп санайды.
Ал Палестина басшылығының саяси легитимділік деңгейі төмендеп бара жатқалы біраз болды. Палестиндіктердің көбі бұл билік ұлттық стратегия қабылдап, Израильмен қандай да бір формада келісімге келетініне күмәнмен қарайды.
Осы кезге дейін конфликтіні шешу әрекеттері шекара және қоныстар, территория және отанына оралу құқығы мәселелерін анықтайтын екіжақты келісімшарттың негізіндегі Палестинаның өз мәртебесін өзі анықтауын көздейтін Осло моделінің шеңберінде жүріп келді. Бірақ бұл өте тар парадигма тараптардың қолайына жақпады әрі оларды түйінді шешуден алшақтата берді. Сондықтан, мемлекет құру мәселесін алдыңғы орыннан артқа қарай ысыратын кез келді.
Палестиндіктердің құқықтарын алдыңғы орынға қою арқылы Палестина басшылығы өз қоғамында болып жатқан өзгерісті мойындаған болар еді. Жастар мен азаматтық қоғам өкілдері жеке адамдардың құқықтарын қорғауға көбірек көңіл бөліп, олардың азаматтық еркіндігін мемлекет құруға бастайтын алғышарт ретінде көргісі келеді. Іс жүзінде палестиндіктердің үштен екісі екі мемлекет құру жоспары жүзеге асатынына сенбейді. «Мемлекет құру арқылы ғана халыққа еркіндік әпереміз» деген бұрындары болған ой орындалмаған үміт пен саяси стагнацияның кесірінен құрдымға кетті.
Палестина басшылығы саяси күн тәртібін қайта қарап, палестиндіктердің азаматтық және адами құқықтарын басты басымдық етсе, мемлекеттің құрылымы мен формасы туралы мәселелерге кейінірек орала алар еді. Бейбіт қарсылық көзқарасын ұстанатын жергілікті қозғалыстар мен «Бойкот, Бөлу, Санкция» (Boycott, Divestment, Sanctions) ұйымы, сондай-ақ Израильге халықаралық деңгейде қысым жасауды көздейтін қозғалыстар осы көзқарасты ұстанып отыр.
Осло парадигмасынан бұлайша ойысу кикілжіңнің шешімін табу ісіне серпін беріп қана қоймай, жартысы Осло принциптерін қатаң ұстанып, ал жартысы құқықтық тұрғыдан қорғау мен азаматтық бостандықты жақтап, екіге жарылып, тығырыққа тірелген Палестина ұлтшылдығына да көп ықпал еткен болар еді. Әр келіссөз сәтсіз аяқталған сайын екі ара алшақтаған үстіне алшақтай берді. Ұзақ уақыттан бері тәуелсіздік идеясына негізделген Палестина бірегейлігі қазір екі оттың ортасында тұр.
Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының жақында жариялайтын «Палестина ұлтшылдығына жан бітіру: варианттар мен шынайы жағдай» деп аталатын есебінде Палестинаның ұлттық даму бағыттары сарапталады. Бұл есепте қазіргі саяси ахуал кезіндегі Палестинаның ұлтшылдығына баға беріліп, жобаны жаңғырту бойынша ұсыныстар жасалады. Оның тұжырымдары Палестина мемлекетін құрудың жолындағы кедергілерді анықтап, ұлттық стратегияның болашақ бағытын айқындаған палестиндік 58 сарапшының арасында жүргізілген сауалнамаға негізделген.
«Палестина ұлтшылдығына жан бітіру» есебі басты екі сауалға жауап іздейді. Біріншісі – «Бұрын мемлекет құруға негізделген идеяны құқық қорғауға қарай бұруға бола ма?». Екіншісі – «Палестина мемлекетінің принциптері осындай мемлекет формасының орнын баса ала ма?».
Бұл күрестің тағдыры палестиндіктер мен израильдықтардың және халықаралық қауымдастықтың осы сұрақтарға жауап бере алуына байланысты болмақ. Бірақ Палестинадағы ұлттық қозғалыс өзгеріп жатқандықтан, бұл сұрақтарға жауап бермей өту мүмкін емес. Аймақта қазір тоқырау болып тұр: Израиль қоныстарын кеңейтіп, әскери бақылауды күшейтіп жатса, Палестина институттары өлмешінің күнін кешіп отыр. Дегенмен, палестиндіктердің жаңа буыны жағдайды қолға алуға әзір.
Палестина бірегейлігінің басты элементі – Палестина ұлтшылдығы өшіп қалмайды. Дегенмен, Палестинаның ұлттық жобасы жаңа көзқарас пен стратегияға ойыса ма, әлде ескі идеялардың төңірегінде қайраңдап қала ма? Алдағы айларда біз осы сұрақтарға жауап іздеуіміз керек.
Автор туралы: Маруан Муашер, Йорданияның бұрынғы сыртқы істер министрі және премьер-министрінің орынбасары. Қазір Халдықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының ғылым жөніндегі вице-президенті. Оның соңғы кітабы «Арабтардың екінші оянуы және плюрализм үшін күрес» деп аталады.