Алматы. 11 наурыз. 7kun.kz – Қазақстан жыл сайын ақылы жолдардан 40 млрд теңгеге жуық ақша табатын болады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Ведомствода хабарлағандай, 2025 жылға дейін ақылы жолдардың ұзындығы 10 мың км-ден асады.
«Жыл сайынғы алымдар шамамен 40 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат барлық республикалық жол желісін ұстауға мүмкіндік береді. Төлем алу жүйесі жақсы жағдайда тұрған немесе қайта жөндеуден өткен автожолдарға ғана енгізіледі», – деп атап өтті министрлікте.
Сондай-ақ, ИДМ жалпы ұзындығы 5,5 мың км автожолдың тағы да 13 учаскесі ақылы болады деп хабарлады. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі (Қапшағай – Талдықорған, Астана – Қостанай – Ресей шекарасы, Павлодар – Ресей шекарасы, Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы, Ресей шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда, Тараз – Қайнар, Щучинск – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы, Орал – Ресей шекарасы, Астана – Павлодар, Ақтау – Бейнеу, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Шымкент – Өзбекстан шекарасы).
Жалпы алғанда, 2020 жылы ақылы жолдардың ұзақтығы шамамен 6,5 мың км құрайды, жыл сайынғы төлем шамамен 30 млрд теңге.
Айта кетейік, 2019 жылдың 4 наурызында Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай ақылы учаскелеріндегі алымдар 122 млн теңгені құрады. Оның ішінде Алматы – Қапшағай учаскесінде – 42,8 млн теңге, Астана – Теміртау учаскесінде – 79,12 млн теңге. Жыл қорытындысы бойынша күтілетін алымдар 2,5 млрд теңгені құрауы мүмкін.
Министрлік сондай-ақ, биылғы жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 162 млрд теңге бөлу жоспарланғанын атап өтті.
«Осы қаражатқа біз облыстық және аудандық маңызы бар 4 мың км-ден астам жолды жөндеуден өткізіп, олардың жағдайын 70%-ке дейін жақсартуды жоспарлап отырмыз», - деп қосты министрлік.
Сонымен қатар, ведомствода жергілікті жолдарды жақсартуға 350 млрд теңге бөлінетінін түсіндірді.
«Жеті жыл ішінде қосымша 50 млрд теңге бөлу және ағымдағы жылды қоса алғанда, 200 млрд теңге көлемінде жергілікті жолдарды жөндеуді жыл сайын қаржыландыруды жеткізу жоспарланып отыр. Бұл үрдіс жыл сайын 5 мың км жергілікті жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуға және 2025 жылдың соңына қарай олардың жағдайын 95%-ке дейін жақсартуға және 35 мың км облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ИИДМ.