Алматы. 18 қазан. 7kun.kz – Каирде Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстары басталды, - деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Жобаның ашылу салтанатына Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев, Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани, жобаның бас мердігері «Араб контракторс» компаниясының Басқарма төрағасы Мухсин Салах, Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, журналистер, тарихшы ғалымдар, белсенділер және жергілікті халық қатысты.
Сонымен қатар, мысырлық министр Каирде екінші ең ірі мешіт болып саналатын бабамыздың мұрасы Каир үшін тарихи маңызды нысана, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардың рәмізі екенін атап өтті. «Бейбарыстың кіндік тамған жері болып табылатын Қазақстан басшылығы мен халқы жобаның аяқталуына үлкен мән беріп отыр, аталған мәселе Мысырдың Президенті Ә.әс-Сисидің 2016 жылы Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі болып табылады», - деп мәлімдеді Х.әл-Анани.
Бұған дейін жобаның архелогиялық және сәулеттік зерттеулері, сондай-ақ іргетас және жерасты жұмыстары біткенін мәлімдеген мысырлық министр мешіттің шаңырақты бөлмелерін, дәлізін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларды жөндеу жұмыстары іске асырылатынын хабарлады. Жобаны техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілердің құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Аталған комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдаланылатын болды.
А.Исағалиев Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстарының қайта басталғанын ризашылықпен атап өтіп, Мысырдың Мемлекет және Үкімет басшылығына алғысын білдірді.
«Ортақ мұрамызды сақтауға деген Мысыр басшылығының көрсетіп жатқан қамқорлығын жоғары бағалайтынымды жеткіземін. Мысырды мұсылман әлемінің орталығы, Каирді Аббасид халифатының астанасы етіп көтерген кемеңгер тұлғаның ескерткіші қайта қалпына келтіріліп, Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөліне, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройына тағы да бір рәміз болады деген сенімдемін», - деді қазақстандық дипломат.
12 млн. АҚШ долларын құрайтын мешітті реставрациялау жобасы Қазақстан Үкіметі тарапынан 4,5 млн. АҚШ доллары бөлінген (Мысыр 100 млн. мысырлық фунт аударған).
Қайта қалпына келтіру жұмыстары 18 ай ішінде бітеді деп күтілуде.