Сақтандыру — белгілі бір мемлекет азаматтарының мүлкі мен өміріне қауіпті жағдай туғанда сақтау шараларын жүргізетін экономика мен қаржы жүйесінің бір саласы. Оның мемлекеттік, акционерлік, кооперативтік, медициналық және өзара сақтандыру түрлері бар.
Cақтандыру сіз үшін қажет пе?
Қоғамда біріміз-бірімізден " сақтандыру мүлдем тиімді емес" немесе "ол адамды алдау үшін ойлап табылған дүние" деген пікірлерді естиміз. Алайда сақтандыру шығынға ұшырату үшін пайда болған жоқ. Өмірі мен мүлкін сақтандырған тұлға жазатайым жағдай орын алғанда қаржылық шығынға ұшыраудан қорықпайды. Өйткені компания келісім-шарты бойынша оған көмек ретінде төлемақы беріледі. Клиенттің төлемақы арқылы өз денсаулығын немесе мүлкін ретке келтіруге мүмкіндігі бар. Сақтандыру арқылы жеке тұлға зейнетақысына қосымша қаржы жинайды. Сонымен қатар, жазатайым оқиға болған жағдайда өз өмірін сақтандырған адам бауырлары мен жақындарына ақшалай көмек көрсете алады.
Қазақстандағы сақтандыру қызметінің мақсаты неде?
Сақтандыру қызметі - экономикамыздың маңызды алайда аз зерттелген салалардың бірі. Елімізде сақтандыру жүйесінің толыққанды қалыптаспаған, бірақ соңғы он жылдың ішінде бұл сала экономикалық дағдарысқа қарамастан дамып келеді. Сақтандыру қызметінің мақсаты - әлеуметтік мәнге ие қызметтерді көрсету. Сақтандыру қызметін дамыту үшін сақтанушылар санын, сыйлықақы, сақтандыру төлемдерін өсіру қажет.
Қазақстанда сақтандырудың қандай түрлері жұмыс істейді?
Елімізде сақтандырудың міндетті және ерікті түрлері бар. Ерікті сақтандыру мүлікті және жеке болып бөлінеді.
Міндетті сақтандыру заңмен бекітілетіндіктен, оның талаптарын әрқайсысымыз орындауға тиістіміз. Мысалы, Қазақстанның әр көлік жүргізушісі жылжымалы мүлігін сақтандыруға міндетті.
Ерікті сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы шартқа негізделеді.
Мүлікті ерікті сақтандыру - заңды немесе жеке тұлғаның меншігіндегі жылжитын немесе жылжымайтын мүлікті қауіпті жағдайдың салдарынан тұлғаның өз еркімен сақтандыруы. Қазақстандағы ерікті сақтандырудың сыйақысы тек 2% яғни бар болғаны 4 долларды құрайды. Әлемнің жетекші елдерінде, мысалы, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 2725 долларға дейін жетеді.
Жеке сақтандыру - адамның өміріне, дүние-мүлкіне қауіп төндіретін қатерлерден сақтандыру. Өмірді сақтандыру үшін кәрілікті күту маңызды емес. Бойыңызда қуат бар кезде өміріңізді сақтандырсаңыз, ұзақ мерзімді қаржыландыруға ие боласыз.
Қазақстандағы сақтандыру компанияларының қызмет көрсету жүйесі?
Сақтандыру жүйесінен хабары аз адамға әр компания өз ісінің шебері болып көрінуі мүмкін. Сенімсіз сақтандыру компаниясының тұзағына түсіп қалмас үшін өзіңізді қызықтырған мекеме жайлы мәліметті Ұлттық Банктің сайтынан іздеп көріңіз. Банк сайтында компанияның заңнамаға сәйкес немесе оған қайшы жұмыстары жайлы толық ақпарат беріледі. Сондай-ақ компанияның төлем мөлшеріне мән бергеніңіз абзал. Егер төлем мөлшері жоғары болса, сәйкесінше клиенттердің компанияға сенімділігі жоғары. 2016 жылы еліміздің сақтандыру компанияларының сыйлықақысы 250,5 млрд теңгеге өсті. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, сақтандыру компанияларының көлемі 22,6% құрады. Оның ішінде міндетті сақтандыру компаниялары 63,3 млрд , ерікті жеке сақтандыру компаниялары 57,2 млрд, ерікті мүліктік компаниялары 130 млрд теңгені құрайтын сыйақыларға ие болды.
Ал АО "Казкоммерц-Life" компаниясы World Finance басылымы бойынша өмірді сақтандыру компанияларының ішінде былтырғы жылдың үздік мекемесі атанды. Басылымның айтуынша, компанияның қаржы көрсеткіштері мен қызмет көрсету жүйесі үлкен марапатқа ие.
2016 жылдың үздігі болып «Коммеск-Өмiр» компаниясы анықталды. Оның былтырғы сыйлықақысы 4,6 млрд теңгеден асты. Компания клиенттеріне берген төлемақы көрсеткіші - 1,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, компанияның «Коммеск ДМС Бест Докторс» жобасы онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарға сапалы көмек көрсету мәртебесін иемденді.
Cақтандыру пакеті қанша қаржыны талап етеді?
Шетелде де, елімізде де көлік сақтандыру қызметі осы саланың басқа түрлеріне қарағанда көп қолданылады. United Services Automobile Association мәліметінше, АҚШ-та минималды сақтандыру 400-500, ал орташа сақтандыру 1500 доллар. Қазақстанда орташа жалақысы бар көлік жүргізушісі үшін КАСКО арқылы көлік сақтандыру жылына 72 650 теңгені құрайды.
Қазақстанда 100 мың доллорға бағаланатын жылжымайтын мүлікті 23-50 мың теңгеге сақтандыра аласыз. Сақтандырудың ішіне үшінші тұлға арқылы келген зақымдардан, табиғат апаттардан сақтандыру қызметтері кіреді.
Әлемнің жетекші елдерінде медициналық сақтандыру әр азамат өмірінің бөлігіне айналған. Мысалы , Франция халқының 90 пайызында медициналық сақтандыру бар. Ал АҚШ-та қарапайым медициналық сақтандыру айына 600 долларды қажет етеді. Оның 500 долларын жұмыс беруші компания төлейді. Егер жұмысшының жанұясы бар болса, сақтандырудың да құны қымбаттайды, яғни 4800 доллар. "БТА Сақтандырудың" дерегінше, Қазақстан Германияда пайда болған Бисмарк жүйесінің медициналық сақтандыруына көшіп, медициналық қызметтер пакетін иемденеді. Қазақстанда сақтандырушылар сізге көлемі 30 мыңнан басталып 300 мыңға жететін медициналық сақтандыруды ұсынуы мүмкін. Өзге сақтандыру компаниялары 150 000 теңгенің пакетін ұсынады.
Сақтанушы сақтандырушымен келісім-шартқа отырарда нені білуі керек?
Ең бірінші, сақтандыру агентінен компанияның төлемақыны қандай жағдайда бермейтінін анықтап алыңыз. Келісім шартта жазылған әр пунктіге үлкен мән беріңіз. Кейбір компаниялар ұсынған келісім-шартта сіз қалаған қажеттіліктер болмауы мүмкін.
Егер пәтеріңізді өрт қатерінен сақтандырғыңыз келсе, келісім-шартқа қосымша ретінде өрттің неден және қалай туындауы мүмкіндігін көрсетіңіз. Компания пәтеріңді өзің өртеп жібердің деген қорытынды жасауы мүмкін. Келеңсіздік тумауы үшін компания талаптарына зер салыңыз.
Кейбір компания көлігіңізді сақтандырар сәтте сізден көліктің құжаттарын немесе кілтін екі жақтың арасындағы серіктестікті нығайтуы үшін сұрайды. Егер құжаттарыңызды жоғалтып алсаңыз, компанияға ескерткеніңіз жөн. Кері жағдайда оның салдарынан көлігіңізге зақым келгенде, төлемақысыз қаласыз. Кейде компания зақым келген көлікке сәйкесінше қаржы берудің орнына, төмендетілген төлемақыны клиентке табыстайды. Бұл жағдай көбінесе компания қосымша табысты көздегенде орын алады. Берілген төлемақы көлікті жөңдеуге жетпей, өз құқығыңыз бұзылған жағдайда, мүлкіңізді тәуелсіз сараптамадан өткізіңіз. Сараптама нәтижесі расында сіздің мүлкіңіздің бұрыс бағаланғанын көрсетсе, компания дұрыс төлемақыңызды беруге міндетті.
Денсаулығыңыз төмендеп, ауырып қалсаңыз өз қаражатыңызға емделесіз. Ауырғаныңызды растайтын құжаттардың негізінде мекеме төлемақыңызды табыстайды.
Айару Өтенбаева "7"