Кеңес коммунизмі мен екі дүниежүзілік соғыс сияқты Батыстық либералдық тәртіптің 2016 жылғы күйреуі – Шығыс Еуропада басталған тағы бір тарихи төңкеріс болатын тәрізді. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның «иллиберал демократия» брендін Польшаның де-факто басшысы Ярослав Качиньский көшіріп ала қойды, енді ол Батыстың дәл жүрегіне қарай бойлап, алдымен Ұлыбританиядағы «Брекзит» референдумынан, артынша АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың сайлануынан көрініс тапты.
Бұл кезде Түркияның жаңа өскін демократиясы Режеп Тайып Ердоғанның авторитар билігіне жол берсе, Филиппинде популист авторитар тұлға Родриго Дутерте басшылыққа келді. 2017 жылға қадам басып тұрған қазіргі сәтте демократияның кей тұстарының шіріп жатқаны анық.
Өз елдеріндегі коммунистік режимдердің қоластында екеуі де заңгерлік білім алған Орбан мен Качиньскийдің әлемге ықпалы жүретін кәсіпкер болып кетуі екіталай көрінер. Бірақ олардың саяси жобасында менеджменттің білгірлері инновациялық стратегияны сәтті жүзеге асыру үшін ұсынатын нәрселердің бәрі бар. Басқа көптеген жойқын өнімдер мен танымал брендтер сияқты иллиберал демократия да елдің бәріне ұнауға тырыспайды, есесіне олар «сайлаушы-тұтынушылардың» сегментін ыждағатпен таңдап, оларға нақты қалаған нәрселерін ұсына алады.
Трамптың жақтастарын «бейшаралар кәрзеңкесі» деп атау арқылы Хиллари Клинтон Орбанның инновациясы нысанаға алып отырған саяси нарықтың бір сегментін нақты сипаттап берді. Бірақ иллиберал демократ тек дәстүрлі әлеуметтік иерархияны бұзуды қалайтын реакционерлермен ғана емес, жұмыссыздықтан және мобильділіктің төмендеуінен қорқатын жұмысшы табындағы сайлаушылармен де тілдеседі. Қоғамның қалған бөлігі – этностық, діни және идеологиялық азшылық, соның ішінде қаладағы «шығармашылық тап» оппозицияны құрайды.
Иллиберал демократия Азаматтық құқық дәуірі басталғалы бері Еуропаның социал-демократтары мен Американың демократтары ұстанып келе жатқан «жұмысшы табы мен азшылық сайлаушылары консерваторлармен күресу үшін прогрессивті альянс құруы керек» деген идеяны құрдымға жібергісі келеді. Интеллектуалдық тұрғыда «жұмылған жұдырық» альянсы ақылға қонымды, бірақ ондағы үш олқылықты Орбан мен Качиньский өз мақсаттарына пайдаланып жатыр.
Біріншіден, ақ нәсілді (не жергілікті) жұмысшы табы сайлаушыларының экономикалық мүдделері көбіне азшылықтың мүдделерімен қабыспай жатады, себебі олар жұмыс орындары мен әлеуметтік игіліктер үшін бір-бірімен бәсекелес. Даму тежелген кезде экономикалық «тортты» бөлісу бір жақ жеңіп, екіншісі жеңілетін ойынға айналады. Қаржы тапшы кезде Венгрия үкіметі ақшаны сыған балаларын оқытуға жұмсауы керек пе, әлде қоныс аударған венгер жұмысшыларын қайта даярлықтан өткізуге күш салуы керек пе?
Екіншіден, жұмысшы табының сайлаушылары көбіне дәстүрлі консервативтік құндылықтарды ұстанады. Шығыс Польшадағы фермер мен Мичигандағы зауыт жұмысшысын экономика игіліктерін қайта бөліске саламыз деп алдарқатып, гейлердің құқықтарын қорғауға, я әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруды қолдауға көндіруге болады, бірақ жұмысшы табының сайлаушылары бұл ұсыныстарды жаппай қолдамады.
Иллиберал-демократияның тиімді болатын себебі – ол сен қалаған тауарды қасындағы қосымшаларынан ажыратып береді, қазіргі бизнестегі инновацияның болмысы – осы. Airbnb қажетсіз сән-салтанаты жоқ қарапайым қонақ үйден жатын бөлме ұсынатыны сияқты иллиберал-демократтар да жұмысшы табының сайлаушыларына азаматтық құқық қосымшаларын тіркеместен экономикалық көмек ұсынады.
Үшіншіден, электораттардың көбінде қоғамның көпшілік бөлігі байлықты бөліспеген күннің өзінде, азшылықты жәбірлеуді өздері үшін жақсы нәрсе деп санайды. Йель университетіндегі Эму Чуа және басқалар айтқандай, халықты саяси тұрғыдан жұмылдыруда азшылықты нысанға алу – өте тиімді құрал бола алады.
Бизнес әлемінде сәтті шыққан өнімдер халыққа тек пайдалы ғана емес, олар тұтынушыларға ерекше әсер сыйлайды деген де түсінік бар. Иллиберал-демократияда әртүрлі «бөтендерді» сынап-мінегенді тамашалағаннан әсер алады. Демек, зорлық-зомбылыққа толы видеоойын, телеарналардағы реалити-шоу сияқты тауарлар шығаратын бизнес түрлері дәл солай біздің басты инстинкттерімізді пайдаланады. The Apprentice реалити-шоуы Трампқа ел ішіне жік салудың қаншалық тиімді саяси маркетинг құралы бола алатынын үйретсе керек.
Жұмысшы табы мен әлеуметтік реакционерлерден құралған иллиберал коалиция ескі прогрессивтік жобалардан да тиімді деген идеяны Орбан ойлап тауып, артынан оны Качиньский қолдаған. Ал Венгрия мен Польша бұл инновацияны алғашқы қолданушылар болды. Себебі, этностық тұрғыдан біртекті болғандықтан, бұл елдердегі азшылық тым әлсіз әрі осал болып келеді.
Дегенмен, иллиберал-демократиялық саясат АҚШ сияқты әртекті елдердегі сайлауда да жеңіске жете алады. Сәтті шыққан басқа көп өнімдер сияқты иллиберал-демократия сайлаушыларға құндылықтарды тікелей түйсінуге шақырады. Прогрессивті идеялардан айырмашылығы – иллибералдардың айтқандарын түсіну оңай, бұл тек олардың сөздерінің алдамшы қарапайымдығынан ғана емес, екі мақсатты тобының консервативтік мәдени құндылықтарын теңестіре алғанынан.
Мұнымен қоса, иллиберал-демократия адам құқықтары, заң үстемдігі сияқты өзі маңызды емес деп тапқан мәселелерге мән бермейді, оның басты міндеті – тұтынушысын қанағаттандыру. Бір қызығы, иллиберал-демократтар экономикалық өсімге де онша көп бас қатырмайтын сияқты. Венгрия 2008 жылғы рецессиядан соң салыстырмалы түрде жақсы бас көтерген, ал қазір оның экономикасы баяулап қалды. Ал Польша мен Брекзиттен кейінгі Ұлыбританияда иллиберал-демократияның үлкен экономикалық шығынға ұшыратқаны қазірдің өзінде айқын көрініп тұр. Егер Трамп 2017 жылы өзі уәде берген сауда протекционизмін жүзеге асырса, онда ол бүкіл әлемді рецессияға қарай құлдыратуы ықтимал.
Бұл – иллиберал-демократтардың ең үлкен олқылығы, немесе олардың ең батыл саяси ставкасы болуы мүмкін. Жабық қоғамда динамикалық, креативті экономика құру ақылға сыймайды, бірақ табысы орта және жоғары елдердегі электорат экономикалық өсімнен бірегейлік жоғары тұрады деп ұйғарса, онда мұның ешқандай маңызы да болмай қалады.
Арзан әуе компаниясынан нашар орын бұйырғаны, IKEA жиһазын құрастырғандағы реніш сияқты иллиберал-демократияның электораты өздеріне жақынырақ таныс әлем үшін дауыс бергенінің лайықты «ақысы» - экономикалық тоқырау деп түсінетін болар. Таныс әлем деп отырғаны – мемлекет «бөтендерді» ысырып, доминантты топтың орны мен қадір-қасиетіне кепілдік беретін қоғам.
Орбан мен Качиньскийдің әлемінде тұрып көргендер иллиберал-демократияның нормадан уақытша ауытқу емес екенін түсінеді. Онда ыждағатпен ойластырылған, тұрақтылығын сақтай алатын инновациялық саяси стратегияның барлық белгілері бар. Кейін, арада ондаған жылдар өткен соң біз артымызға қайырылып, өте күрделі әрі ішкі қайшылықтарға толы либерал-демократияның қалайша осынша ұзақ уақыт сақталып тұрғанын зерделей бастаймыз. Оған дейін прогрессивті жұртшылық та 2016 жылды «ұйқыашар қоңырау» ретінде қабылдап, инновацияға аяқ басып қалар.
Автор туралы: Мацей Кисиловски – Орталық Еуропа университетінің құқық және қоғамдық менеджмент бойынша қауымдастырылған профессоры, Administrategy: A Guide to Strategic Management in Public Administration кітабы авторларының бірі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024