Жапондықтардың өмір сүру философиясын түсіну оңай емес. Қай саладан болмасын алдыңғы орыннан көрінетін жапондықтардың ғимараттары да әдеттегіден ерекше. Кейбірінің қалай салынғандығын түсіне алмай, талай бас қатыруға болады. Ендеше, назарларыңызға ерекше ғимараттардың үздік жетілігін ұсынамыз:
1. Бұл ғимарат Токионың Одайба ауданында орналасқан. Fuji TV-ның штаб-пәтері. 1993-1996 жылдары салынған. Тек Токио бойынша емес, әлемдік деңгейде бұл құрылысты ең ерекше ғимараттар қатарына қосады. Сыртынан қарағанда кішкене сәбидің құрастырған дүниесіне ұқсайды. Кешеннің екі бөлек тұрған корпустарын көлденең және тігінен орналасқан құрастырғыш бөліктер біріктіреді. Қарап тұрсаңыз, олардың арасында үлкен шар қыстырылып қалғандай әсер қалдырады. Бұл ғажайып ғимараттың авторы 1987 жылғы Притцкер сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі архитектор Кэндзо Танге. 92 жылдық ғұмырында ол түрлі айрықша туындыларды дүниеге әкелген. Сол арқылы жас сәулетшілер әлі күнге дейін өздеріне шабыт алады.
2. Келесі ерекше өнер туындысының да авторы Кэндзо Танге. Ол тек сәулетші ғана емес, суретші де болған. 1964 жылғы Олимпиадаға арналып салынған стадионның жобасын Танге жасаған. Оның ерекшелігі - теңіз қабыршағы мен ауа-райының ерекшелігін байқауға болады.
3. Бұл құрылыс нысаны "Қара шабадан" деген атпен белгілі. Дза-Коэндзи театрының ғимараты сырт көзге солай көрінгендіктен, осылай аталып кетсе керек. Ол 2013 жылгы Притцкер сыйлығының лауреаты Тоёо Итоның жобасы. Ғимарат сынып қалған параллелепипедті де еске түсіреді. Бейнебір бірнеше бөлігін кесіп алғандай көрінеді. Бұның не ерекшелігі бар десеңіз, ешқандай терезесі жоқ. Осы күнге дейін терезесі жоқ театр көрген бе едіңіз?
4. Назарларыңызда Тадао Андо есімді сәулетшінің туындысы. Алғаш көргенде біреулерге таңданыс тудырса, енді біріне қорқыныш сезімін туындатуы әбден мүмкін. Сәулетші жүк көлігінің жүргізушісі де, боксшы да болып көрген. Бұл сала бойынша білім де алмаған. Жұмыстарынан көрініп те тұрған болар?! Бірақ, бұл жерде жапон минимализмі өзінің шарықтау шегіне жеткен. Бәлкім, арнайы білімі болса, бұдан артық туындылар шығар ма еді? Айта кетерлік жәйт, Тадао Андо 1995 жылғы Притцкер сыйлығының лауреаты атанған.
5. Кэнго Кума 10 жасынан бастап сәулетші болуды армандайды. Мұндай шешім қабылдауға Токиодағы Кэндзо Тангенің стадионы түрткі болады. Ол пейзажды қатты жақсы көреді. Сондықтан барлығында пейзаждың көрініс бергенін қалайды. Және көптеген туындыларында ағашты пайдаланады. Десе де, оның жұмыстары мен табиғат жағдайы көбіне-көп астаспай қалып жатады.
6. "Қытай қалпағы" аталатын ғимараттың авторы өткен жылғы Притцкер сыйлығының лауреаты Сигер Бан. Бұл Помпиду-Мец заманауи өнер мұражайы. Франция қаласында 2003-2010 жылдар аралығында салынған. Негізгі кешеннің үстіне жәй ғана жабыла салған жамылғы секілді көрініп тұр ма? Өте әдемі көрінеді, рас. Бірақ, бірнеше рет табиғи жағдайлар орын алып, қар жауғандықтан төбесін екі рет жөндеуден өткізген.
7. Кадзуо Седзима және Рюэ Нисидзава есімді қос сәулетші бар. Олар 2010 жылғы Притцкер сыйлығының лауреаттары. Нью-Йорктің заманауи өнер мұражайы осындай. Сыртынан қарағанда ғимарат терезелері бар ақ қорапшаларға ұқсайды. Бірінің үстіне бірі ретсіз қойыла салғандай әсер береді. Қорапшалардың бірінің сыртында "Hill, yes!" деген жазу бар.