«Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген бір ауыз сөз журналистиканың алтын ғасырын көз алдыңа әкелетіндей көрінеді. «Көрінеді» деп екіұшты ой қалдыруымыздың жанды тұстары аз емес.
Себебі - жаңалығы желмен жарысқан ақпараттық нарық журналистердің өзін жұтып жіберердей күшке ие. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арасындағы сапа текетіресі ортақ бір пікірге келуге әлі ерте екенін сезіндіреді. Заманауи масс-медианың бүгінгі беталысы тым қатты. Ақпарат нарық ағымына байланып, журналистің еңбегі тауар ретінде ұсынылатын уақыт туды. Бұл мәселе көтеріп, екі тараптың пікірін тыңдайтын, өзіндік айтары мен стилі бар журналистерге ойтүрткі болды. Байыбына барып қарасаң, мемлекеттік арна не газетте қызмет атқаратын БАҚ өкілі мен тәуелсіз журналистер арасындағы кәсіби тартыстың дәурені өтіп барады. «Кімнің асын ішсе, соның сөзін сөйлейді» дегенді алға тартатын тәуелсіз журналистер блогсферада тәп-тәуір қаржы тауып жүрген блогерлермен сөз талқыға түсе бастады. Өйткені журналистика саласына блогерлер де ентелеп кіріп алды. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес.
Қолына смартфон ұстаған кез келген азаматтың ақпаратты алу, оны таратуға деген мүмкіндігі бар тұста журналистиканың жалауын көтеріп жүрген журналистердің еңбегіне көптің көңілі өзгергендей. Тіпті баспадан шыққанша, тағат таппай, көзі талғанша қате іздейтін газет журналистері, камерасын асынып, зыр жүгіріп, орамды ой мен ұтымды пікір іздеп шарқ ұратын тележурналистердің мехнатты еңбегін бір сәтте жоққа шығарып, жылт еткен ақпаратқа қарай көз салатын аудиторияның қалыптасып бара жатқаны БАҚ-ты біраз ойландыра бастады. Содан болар, «газеттің дәурені өтті», «телевидениенің жаназасын шығаратын уақыт келді» деген сыңаржақ пікірлер ашық айтыла бастады.
«Бұл тұтас бір идеологияның жүгін көтеріп жүрген, талай шенді-шекпендінің көлеңкелі істерін әшкере етіп, қаржыны қолды еткен әккі азаматтарды әйгілеуге барын берген газет пен телевидениенің салмағын түсіріп тұр. Сол оттың ортасында жүрген қалам ұстаған қауым мұндай пікірдің белең алуы «жеңіл-желпі», «келді-кетті» ақпараттарға иланатын әлеуметтік желінің белсенділерінің әсерінен», - дейді Qyzylorda телеарнасының арнаулы тілшісі Әділбек Жақанов.
Ол еркіндікке ерік берудің салқыны бүгін сезілмесе, ертең сезілетінін нақ айтып отыр.
- Қазақ телевизиясына түгелдей топырақ шашу әбестік дер едім. Жасыратыны жоқ, телеарналардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Бірақ, көрерменге ой салатын, қоғамның мәселесін көтеретін жақсы хабарлар жоқ емес, бар! Тек оны көретін көз, еститін құлақ болса жақсы. Телеарналардың «жаназасын» шығарғысы келетіндер көбінесе әлеуметтік желінің шолақ белсенділері деп ойлаймын. Еркіндіктің аясы кең. Саяси мәселелерге келгенде көк жәшік белгілі бір шеңберден аспай жатады. Оны мойындау керек. Екіншіден, бүгінде еркіндік берілді екен деп дінімізге, дәстүрімізге, қазақтың тәлім-тәрбиесіне жат түрлі шоу хабарлар көбейіп кетті. Осындай көрермен жинағысы келген телеарналар қоғамға кері әсерін тигізуде. Тым еркінсіп кетуге де болмайтын секілді. Өйткені, телеарна - елдің айнасы, ұлттың бет-бейнесі,- дейді Әділбек Жақанов.
Көптің көңіліне күдік ұялататын тағы бір дүние - журналистердің еркіндікке құлаш сермеуі.
Мынаны жаз, мынаны айтпа» деген жоғары жақтың сүзгісінен өту журналистің қолын байлап отыр. Бірақ, мәселеге тереңірек барып, ділгір тақырыпты жеріне жеткізетін, бір салаға машықтанған журналистке жабық тақырып болмайды. Әйтсе де, өңірді былай қойғанда, республиканың белді БАҚ саласында жүргендердің салалық бағытқа бет бұруы тым баяу. Ал, өңірлерде салалық тақырыпты жіліктейтін журналистер жоққа тән.
«Тереңірек қазса, бір өңірдің өзінен өткір тақырыптардың жеткілікті екенін байқайсың»,- дейді «Қызылорда ньюс» интернет-газетінің редакторы Дәурен Омаров. - Белгілі бір салаға неге қызығушылық жоқ? Айыпты алыстан іздемейік. Мәселе өзімізде. Заман көші қайда бара жатқанын сезінбей отырмыз. Қазақстанның экология емес аймағы жоқ. Экологиялық журналистикаға шындап кіріссеңіз мәселе көп. Өндіріс орындарының қоршаған ортаға тигізіп отырған зардаптарынан бастап Сыр өңіріндегі әрбір өсімдік, жануар, жәндіктің мән-маңызы, тіпті ғибраты жайлы өзекті, қызық, сапалы материал жазуға болады.
Түрлі тақырыптың басын бір шалатын журналистің шикі материал ұсынып, батырып айта алмайтынын қалам ұстаған қауым мойындайды. Дәурен Омаров өңірде дін, мұнай саласы да өткір тақырыпқа сұранып тұр дегенді жоққа шығармайды. Яғни мамандануды осы кезден бастамасақ, қарапайым халықтың өзі журналистті жолда қалдырады деген пікірдің жанды екеніне келіседі.
- Сыр өңірінде мұнай-газ саласына қалам тербейтін әріптестеріміз табылса, жақсы болар еді. Өйткені, мұнай және оларға қызмет көрсететін қаншама компания бар, олардың не тындырып, аймаққа қандай пайда әкеліп жатқанын білмейміз. Мұнай компанияларда жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы кімді алаңдатады? Біз мәселенің байыбына бармағандықтан өндіріс орындарына талап қоя алмай отырмыз. Сұрақ көп, жауап жоқ. Бәлкім мен қателесермін, бірақ біздің облыста белгілі бір салаға бейімделген журналист жоқтың қасы. Экономика тақырыбының жілігін шағатын Жолдасбек Ақсақалов ағамыздың өзі алпысты алқымдады,- деді Дәурен Омаров.
Құлақты жауып, көзді жұмсақ та ақиқаттан айналып өте алмайтынымыз анық. Бүгінгі журналистика жаңа медиаға еркін есік ашты. Ақпарат таратудың жылдамдығы, объективтілігі журналистке сапалы контент табуды талап етті. Бұл ретте журналист 4 жылдық алған білімін әрі қарай ұштамаса, нарықтан ығысып қалатынын түсінуі керек. Мұны әлемдік деңгейдегі медиа менеджерлер мен сарапшылар түрлі форумдарда төтесінен айтып жүр.
«Жылдам ақпараттың заманы келді екен» деп дамудан шет қалып, көзімізбен жер шұқып қалмаудың жолы - білікті көтеріп, білімді арттыру. Түрлі тақырыптарды қамтитын, танымал тренерлердің ел-елді аралап, журналистерге семинар-тренинг ұйымдастыруы жаңа ақпараттан құр қалмауға үндейді.
Бұл ретте қызылордалық журналистер соңғы жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің алаңында өтетін халықаралық БАҚ оқуларына қатысып, білім шыңдады.
Ал, таяуда ғана бір топ журналист Еуразиялық медиа форумнан олжалы оралды. Дегенмен, алыс-жақын аймақтағы семинарларға шақырту алатын БАҚ өкілдерінің арасында тәуелсіз журналистердің болмауы да ойландырады. Бұл сұрақты Қызылорда облысы әкімінің БАҚ және қоғаммен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі Динара Бисембинаға жолдаған едік. Ол «журналистерді бөліп-жару жоқ, білем деген адамға мүмкіндік ұсынамыз» деген ойды алға тартты.
- Тілшілерді бөле қараған орынсыз деп есептеймін. Барлық тілшілердің мақсаты бір - қоғамды ақпараттандыру және оң ықпал ету. Журналистиканың функциялары және ол қызметтерді тілшілер қаншалықты орындай алып жүр деген мәселе - бөлек тақырып. Аймақ журналистері қатысып жүрген тренингтер мен мастер-класстарға барлығы да бара алады. Еуразиялық медиа форум - еліміздің медиа қоғамдастығы жылда бас қосатын дәстүрлі алаң, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің алаңында өтетін халықаралық БАҚ оқулары да дәстүрлі және жыл сайынғы іс-шара, олардың барлығы қолжетімді. Аталған шараларға аккредитациядан өткен ақпарат таратушы журналист ретінде немесе қатысушы ретінде көре алады, сонымен қатар тақырыптық секцияларда өз ойыңызды жеткізу мүмкіндігі бар,- деп, өз уәжін жеткізді Динара Бисембина.
Журналистермен тығыз байланыс орнатып, аймақтағы ақпараттық саясатты бақылайтын Динара Бисембина «журналистердің бәсекеге тез дайын болуы өте маңызды, себебі ақпаратқа бүгінде тауар ретінде қарайтын кезең орын алды» дейді бізбен әңгімесінде.
- Аймағымыз туралы барлық жаңалықтарды жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары тілшілерінің ақпараттарынан көріп-біліп отырамын. Бүгінде біз тұрып жатқан уақытты хаос деп атауға болады, яғни күн сайын әлемде және барлық салаларда жаңа оқиғалар орын алып жатыр. Тұрақтылық ұғымы өз мағынасын жоғалтты. Күн сайын жаңа трендтер, жаңа білім көздері пайда болуда. Журналистің кәсібилігі және кез келген БАҚ-тың сауатты менеджменті осы жаңа мүмкіндіктерді анықтайды. Қалай жұмыс істейді және дамығысы келе ме, көшбасшы немесе аутсайдерлер қатарында болуы соларға байланысты. Яғни әрбір журналист өзінің өнімі үшін жауапты екенін, әрбір редактор өз кадрлары үшін жауап беретінін, ал ТОП-менеджер бұқаралық ақпарат құралының дамуына тікелей ықпал етеді. Мәселе «қазір журналистер өздері өзгеріп, сана-сезімдерін жаңғыртуға дайын ба?» деген сұрақта жатыр,- дейді ол.
Иә, расында журналистің ақпараттық конвейерге ілесу-ілеспеуі айналып келгенде өзіне келіп тіреледі. Бүгінде газеттердің өз сайттарын жасақтап, телеарналардың ютуб арнада арна ашуы, интернет сайттардың әлеуметтік желілерге өтуі бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа ақпарат талабына икемдеді. Яғни, дүрмекке ілесіп, трендтерден қалмау, блог жүргізіп, влог түсіру және сол арқылы сапалы контент жасай алатын журналистің нарықтағы құны түспейді. Бұл өз кезегінде журналистің ақпараты қаншалықты өтімді екенін дәлелдейді. Бәсекелестіктегі БАҚ-тың бүгінгі беталысы да осы.
Абай Тағыберген
«Азаматтық журналистер» жобасы
Тэги:
Похожие материалы
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024