Нұр-Сұлтанда заңсыз жалға берілген 200 пәтер анықталды

54
тұрғын
Фото: oknews.kz

Алматы. 12 сәуір. 7kun.kz – Нұр-Сұлтан қаласының полициясы «Участок» жедел-алдын алу шарасы барысында төрт мыңға жуық пәтер мен үш мыңнан астам жеке тұрғын үйді аралап шықты. Рейд кезінде заңсыз жалға берілетін 200 пәтер анықталды.

Елордалық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл пәтерлер туралы ақпарат салық органдарына жіберілді.

Сондай-ақ, ІІД-де есепте тұрған 400-ге жуық адам және 500-ге жуық азаматтық қару иесі тексерілді. Қарасай батыр көшесіндегі пәтерлердің бірінде 106.309 грамм гашиш сақтау фактісі анықталды. Пәтер иесі ұсталды, сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері екі мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін — 100-ден астам адам, ҚР-да тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін — 800-ге жуық адам, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 400-ден астам шетел азаматы анықталды», — деп хабарлады полицияда.

Айта кетейік, рейд ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін созылады.