Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 200 көпбалалы отбасы көшіріледі

44
жарықтың
Фото: platpaul.livejournal.com

Алматы. 29 шілде. 7kun.kz — Жыл басынан бері 103 көпбалалы отбасы Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға қоныс аударды, 200-ден астам отбасы осындай бағытта жыл соңына дейін көшіріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев хабарлады.

«Осы бағыт бойынша еңбек күші мол өңірлерден көшіру қарастырылған: бұл оңтүстік өңірлер – еңбекпен тапшы солтүстік өңірлеріне. Биылғы жылы жоспар бойынша 2253 отбасын немесе 10 мың адамды көшіру керек. Бүгінгі таңда 1050 отбасы немесе төрт мың адам көшірілді. Оның ішінде екі мыңы жұмысқа орналастырылды немесе еңбекке қабілетті жастағы жалпы санынан 65%-ы», — деді ол 29 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазіргі уақытта 1,5 мың адам қоныс аудару кезеңінде тұр. Шығу аймақтары: Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары. Биыл бұл тізімге елорда қосылды.

«Сондай-ақ, осы жылы шығу аймағына Нұр-Сұлтан қаласы қосылды. Өздеріңіз білетіндей, «Еңбек» бағдарламасы аясында Павлодар облысында «Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда – жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұз қаласына 103 көп балалы отбасы – шамамен 600 адам көшірілді. Олардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, еңбекке қабілетті жастағылардың 80%-ы жұмысқа орналасты және балалар да балабақшалармен және мектептерде де қамтылған», — деп атап өтті Жылқыбаев.

Еске сала кетейік, елордада көп балалы отбасылардың өкілдері бірнеше рет, соның ішінде митингтерге қатысу арқылы мемлекеттен тұрғын үй, сондай-ақ ақшалай төлем беру мәселесін көтерді.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, әрбір көпбалалы отбасымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екібастұзда елордалық көп балалы отбасылар жалға берілетін тұрғын үйге қоныстандырылды. Сондай-ақ, оларға қаланың кәсіпорындарында жұмыс ұсынылады. Қоныс аударушыларға қолдау шаралары ретінде ақша беріледі: жол жүруге — 35 АЕК (88 мың 375 теңге), тұруға – 15-30 АЕК (37 75 мың теңге), сондай — ақ жұмыс берушілерге субсидия – 450 АЕК (1 млн 136 мың теңге).

«Отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге көлемінде бір жолғы төлем қарастырылған. Екіншіден, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 12 ай ішінде отбасыға ай сайын 30 АЕК немесе 77 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, осы бағдарламаға белсене қатысып, бес адамнан кем емес жұмыс беруші үшін субсидия қарастырылған, әрқайсысына 450 АЕК немесе миллионнан астам теңге бөлінеді», — деді Жылқыбаев.

Айта кетейік, бағдарлама аясында пилоттық жоба ретінде Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналған 428 жалға берілетін үй салу үшін үш миллиард теңге бөлінді.