Кеңесші

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана мәселесін қалай шешемін?

7kun.kz редакциясына келетін сұрақтардың басым бөлігі баспана, жер алу, тұрғын үй салу үшін қаржыландыруға қатысты. Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты сұрақтарды жинақтап, оқырман білуі тиіс негізгі сұрақ-жауапты ұсынамыз.

«Нұрлы жер»  – ҚР Президентінің тапсырмасымен 2016 жылдың соңында әзірленді. Бағдарлама 2031 жылға дейін қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасынан тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстар мен мәселелер шоғырланған.

Сонымен сіз білуіңіз керек ақпарат!

Бағдарламаға бөлінген мерзім аз емес — ол 15 жыл бойы жүзеге асырылады. 2031 жылға дейін елде 1,5 млн отбасына тұрғын үй салу күтілуде. Жыл сайын шамамен 100 мың адам қоныс тойын тойлайды. Жоспар бойынша:

  • арендалық тұрғын үйдің 45 мың пәтері (2,2 млн м²);
  • несиелік тұрғын үйдің 245 мың пәтері (12 млн м²);
  • СҚЖМҚ, БД, ҚИК 46 мың пәтері;
  • 600 мың жеке тұрғын үй (60 млн м²);
  • 564 мың коммерциялық пәтер (оның ішінде субсидияланған ипотека есебінен 8 мың пәтер) пайдалануға беріледі.

Бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды, жинақ ақшасы бойынша кредиттік баспана алу, үй сатып алуға қауқарсы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін – үйді жалға беру бағыты және Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша жер учаскесін сатып алу.

Бағдарламаның «Несиелік баспана салу» бағыты бойынша жаңа үйлерді тұрғызу істерін жергілікті әкімдіктер ұйымдастырады. Бағдарлама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50%-ы жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында таратылады. Ал қалған пәтерлер кезекте тұрмаған ТҮҚЖБ (Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі) салымшылары арасында үлестіріледі.  Алайда, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға ие болу үшін әкімдікте кезекте тұрған азаматтар да ТҮҚЖБ-да шот ашып, сол шотқа ақша жинауы керек. Сонымен қатар, байқауға қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман статусына ие болуы тиіс. Қатысушының немесе әрдайым онымен бірге тұратын отбасы мүшесінің Қазақстан Республикасы аумағында жеке баспанасы болмауы шарт. Төлем қабілеті де ескеріледі.

Бағдарлама талаптары: ТҮҚЖБ салымшысының жеке есепшотында келісілген бағаның (өтінім берген үй бағасының) кем дегенде 30%-ы жиналуы керек. Мұндай жағдайда тағайындалатын сыйақының жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Сонымен қатар, пәтер тек депозитті ай сайын толытырып отырғандарға емес, есепшотына бірден қомақты қаржы салған азаматтарға да беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл – тұрғын үйді үлестіру кезіндегі әділдікті сақтап қалу және пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін жасалған портал. Сайтта қолжетімді баспананың иесі атанғысы келетін клиент үйде отырып-ақ бірнеше қадамды орындай алады. Мысалы:

  1. өзі алғысы келетін пәтер орналасқан қаланы таңдау;
  2. қандай нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын және клиенттерден түсетін өтініш қашанға дейін қабылданатынын анықтау;
  3. ұнаған пәтерді таңдау;
  4. пәтер сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш жазу.

Халықтың үй сатып алуға шамасы жоқ әлеуметтік әлсіз топтары үшін, үйді төмен бағада жалға алу нысаны қарастырылған. Жалға алу құны шаршы метріне – 100 теңге.  Бұл бағыт бойынша салынатын баспананы алу үшін әкімдіктерде кезекке тұру қажет.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты жер сатып алу үшін әкімдіктерде жер учаскесіне кезекте тұрған адамдарға арналған. Өз күшімен жеке үй салуға ниетті адамдарға инженерлік желілері тартылған дайын жер учаскелері беріледі. Ал әкімдіктер тарапынан пилоттық жоба аясында салынған дайын жеке үйлерді алуға ниетті кезекте тұрған адамдар әкімдіктерге жүгініп, осы үйді өз қаражаты есебінен немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің кредиті арқылы сатып алуы мүмкін. Осындай үйлер облыс орталықтарында және болашағы бар перспективті кіші және моноқалаларда салынады. Жер учаскелері мен үйлерді жоспарлау, жайғастыру, бөлу мәселелері әкімдіктердің құзыретіне кіреді.

Tags

Осы айдарда

Close