Өңірлік карта инвестициялық тартымдылықты арттырады

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Дана Халықованың айтуынша, Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы бизнес пен инвестор арасындағы көпірге айналады.

«Атамекен» ҰКП әзірлеп жатқан кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы       еліміздің кез келген аймағындағы кәсіпкерліктің даму деңгейін бақылап отырумен қатар, инвестицияға мұқтаж саланы да анықтауға мүмкіндік береді. Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңыздағы 2 қаланы қамтитын Қазақстанның бизнес-картасынан бір өңірді таңдап, оның табиғи ресурстарымен, пайдалы қазбаларымен, өндіріс ошақтарымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен танысуға болады.

«Әзірленіп жатқан карта бизнес иелеріне ғана емес, кәсіпті енді бастамақ ниеті бар адамдар үшін де жол нұсқаушы болып табылады. Өйткені, онда әрбір аймақтың бейінді саласы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жағдай, жұмыс істеп жатқан субъектілер тізімі, қаржылық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, еңбек пен шикізат ресурстары көрсетіледі. Кәсіп бастаймын деген жандар осы карта арқылы өз облысындағы сұранысқа ие кәсіп түрін таңдап, аймақтағы жобалармен танысып, бизнес-идея таба алады», – дейді Дана Халықова картаның бизнесті дамытуға үлесі көп екенін меңзеп.

Маманның мәліметінше, картаға жобаларды енгізу мақсатында Алматы облысы бойынша 381 бизнес субъектісі арасында сауалнама жүргізілді. Оған облыстағы 404 кәсіпкер мен 676 кәсіпкерлік ашуды жоспарлар жүрген  азамат қатысты. Анықталғандай, аймақта кәсіпкерлікпен негізінен 35-64 жастағы жоғары білімі бар азаматтар айналысады. Сауалнамаға қатысқандардың арасында бизнеспен шұғылданатын әйелдердің үлесі басым, яғни 61%-ды құрайды. Сонымен бірге, бұл карта кәсіпкерлердің жолындағы бөгеттерді анықтап отыруға да ықпал етеді. Картаны әзірлеу барысында «Атамекен» ҰКП-ға жүгінген барлық кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, бизнес жүргізудегі кедергілер сараланған. Өкінішке орай, оның көпшілігі әкімшілік тосқауылдар екені анықталған.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы кәсіпкерлер үшін ақпарат көзіне  айналып қана қоймай, кәсіптеріне инвестиция тартуға жол ашады. Картада әлеуетті бизнес жобалар орналасатындықтан, оларды шетелдік инвесторларға таныстыру жеңілдей түседі. Бұл жөнінде сарапшы Дана Халықова: «Аймақтық даму картасы шетелдік инвестицияларды тарту құралы болады.  Интернет-порталдың ағылшын тіліндегі нұсқасы жасалып, онда аймақтың мүмкіндігі туралы толық деректер қамтылады. Инвесторлар порталда облыстың экономикалық және инвестициялық мүмкіндігін саралап, жобалардың даму әлеуеті жөнінде, тіпті аймақтағы топырақтың сапасы мен ауа температурасы туралы да ақпарат ала алады. Палата шетелдік инвесторлардың облыс кәсіпкерлерімен байланыс орнатуына, даму бағыттарын анықтауына қолдау көрсетеді. Осылайша аталған карта кәсіпкер мен инвесторды байланыстыратын көпірге айналады», – дейді.

Айта кетейік, өңірлік картаның ресми тұсаукесері мамыр айында Алматы облысының инвестициялық бизнес форумында өтеді. Карта қолданысқа енгізілгеннен бастап ондағы мәліметтер Палата тарапынан жаңартылып тұрады.