Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысы

Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысы
Фото: uralskweek.kz

Бүгінде елімізде жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген 10-нан аса әуекомпания бар. Солардың бірі – Qazaq Air әуекомпаниясы. Құрылғанына 2 жыл болса да, жолаушылардың сеніміне бөленіп, аймақтардың экономикалық дамуына өзіндік септігін тигізіп келе жатқан әуе тасымалдаушылардың бірі.

Тарихы

Елбасы Қазақстан әуе жолында тағы бір отандық компания құру қажеттілігі туралы тапсырма бергеннен кейін, ұйымдастыру жұмыстары басталған. Компания 2015 жылдың сәуір айында тіркеліп, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-әуқат қорының» еншілес компаниясы ретінде қызметін бастады. Қазірде акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі.

Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысыКомпанияның таныстырылымы 2015 жылдың 6 шілдесінде Астана қаласында өткен. Алғашқы рейсі 27 тамызда Алматы-Астана бағытында жолға шықты. 5 күннің ішінде 900-ден аса адам тасымалданған болса, 2015 жылдың 21 қазанына дейін 10,2 мың адам әуекомпания қызметіне жүгінген. Бүгінде Қазақстанның әуе кеңістігін ішкі бағыттармен қамтамасыз ету мақсатын жүзеге асырып жүрген аймақтық әуекомпания.

Осы жылы алғашқы 5 айдың өзінде-ақ жолаушылар саны 2016 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Ал компанияда жалпы 250-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Оның 36-ы ұшқыш. Ұшқыштардың 16-сы қазақстандық, оның ішінде біреуі экипаж командирі  – олар Англия мен Швецияның авиациялық орталығында оқыған. Ал жолсеріктердің (23) барлығы арнайы кәсіби бағдарламамен білім алған.

Әуепаркі

Qazaq Air әуекомпаниясы ұшу қауіпсіздігінің ең жоғары халықаралық және ұлттық талаптарына сәйкес келетіндей турбовинтті ұшақтармен жабдықталған. Флотта БАӘ-дегі FALCON AVIATION SERVICES компаниясынан оперативті лизингке алынған 3 Bombardier Q400 NextGen ұшағы бар. Оны жалға алу үшін айына 490 000 доллар төленеді. Дәл осы үш ұшақпен жоспарланған барлық әуе саяхаты жүргізіледі. Бір әуе ұшағында 76-78 орын (эконом санатты) бар.

Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысыАталмыш борттардың артықшылықтарына келер болсақ, заманауи әуе көлігі өте қауіпсіз, ал отын пайдалану шығыны әлдеқайда үнемді. Басқа турбовинтті ұшақтармен салыстыратын болсақ, Bombardier Q400 NextGen басты айырмашылықтардың бірі – дыбыс изоляциясында. «Q» тыныш дегенді білдіреді. Яғни, ұшақты ерекшелендіретін басты сипаты – шу мен вибрацияны бәсеңдететін белсенді жүйесі. Алдағы уақытта флотқа тағы 2 ұшақты қосу мақсаты қойылған.

Ал әуекомпанияның заманауи және ерекше логотипі аймақтық ұшу желісі және «қазақстандықтардың бірігуі» тақырыбының негізінде жасаған. 14 шеңбер Қазақстанның 14 аймағын білдіреді.

Қосымша

Компанияның әуе ұшағы Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Шымкент және т.б. оншақты қалаға ұшады. Негізгі штабы Алматы қаласында орналасқан. Бүгінге дейін тек ішкі рейстерде қызмет көрсеткен әуекомпаниясы, 2017 жылы 7 шілдеде алғаш рет халықаралық рейсті жүзеге асырмақ. Жолаушылар аптасына екі рет Қырғызстандағы Тамшы аэропортына ұшуға мүмкіндік алады. Ол ТМД-дағы ең танымал курорттық аймақтардың бірі саналатын Ыстықкөл маңында орналасқан. Бұл туралы 28 маусым күні Qazaq Air басқарма төрағасы Блэр Поллок мәлімдеді. Әуекомпания табысын арттыру мақсатында чартерлік рейс Kompas туроператоры серіктестігімен жүргізіледі.

Qazaq Air ұлттық әуе тасымалдаушысыАйта кететін жайт, заң бойынша халықаралық тасымалдау нарығына Qazaq Air 2018 жылдан ерте шыға алмайтын еді. Себебі, шетелге шығу үшін ішкі рейстерде тасымалдаудың кемінде 3 жылдық тәжірибесі болуы керек. Дегенмен, ЭКСПО-2017 дайындығына байланысты авиациялық басшылық жаңа «ашық аспан» режимін енгізді. Соның арқасында Qazaq Air халықаралық әуе тасымалдау нарығына бір жылға ерте шығып отыр.

Компанияның қызметіне 2 жыл болғанымен, әлі күнге дейін шығынды жоба болып есептеледі. Ал осындай халықаралық рейстердің ашылуы соның орнын толтыруға көмек береді деп күтілуде. Алдағы уақытта Қазақстандағы ішкі рейстердің географиясын ұлғайту жұмыстары да қолға алынған. Одан бөлек Qazaq Air Ресейдің оңтүстігіне және Орталық Азияға бағыт ашуды жоспарлап жатыр. Челябинск қаласынан ұсыныс та түсіп үлгерді. Және компания басшылығы бірыңғай әуе билетін сатылымға түсіру үшін Air Astana-мен код-шерингтік келісімге отыруға ниетті.