Қазақстан ЕАЭО-тан өзге елдерге қанша бензин сатты

15
Қазақстан
Фото: total.kz

Алматы. 2 қазан. 7kun.kz — Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінен тыс елдерге 32,6 мың тонна бензин экспорттады. Бұл туралы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов айтты.

Вице-министр ағымдағы жылдың шілдесінен бастап бензинді ЕАЭО-дан тыс жерлерге экспорттау басталғанын еске салды.

«Жеткізу басталды. Шамамен 32,6 мың тонна автобензин экспортталды», — деді ол.

Сонымен қатар, Досмұхамбетов Қазақстан соңғы уақытта түрлі теңіз мұнай өндіру жобаларын іске асыруды жандандырғанын атап өтті.

«2025 жылға дейін теңіз жобаларын жүзеге асыру аясында «Исатай», «Абай» және «Жеңіс» жобалары бойынша күтілетін инвестициялар көлемі шамамен 136 миллион долларды құрайды. Теңіз жобаларымен қатар Қазақстанның перспективалы аз зерттелген аумақтарында барлау жұмыстарын күшейту жоспарлануда», — деді вице-министр.

Ол министрліктің 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын қабылдауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Әрі қарай зерделеу үшін ең перспективалы бассейндер анықталды: Арал, Сырдария, Шу-Сарысу, Солтүстік-Торғай, Ертіс маңы.