Қазақстанда ескірген көліктерді тапсыру бойынша өтемақы төленеді

Фото: svoboda.org

Қазақстанның автобизнес қауымдастығы отандық автокөліктерді сатып алуда жеңілдетілген автонесие бағдарламасын дамытуға қатысты жаңа ұсыныс жасады. Ұсыныс бойынша кредитке көлік алғалы отырған клиент ескі көлігін тапсыру арқылы өтамақы сертификатын алып, бастапқы жарнаны жаба алады. Бұл туралы Allur Auto компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Сертификат шілде айынан бастап өз күшіне енетінін хабарлағым келеді. Ол тек қазақстандық автокөліктерге ғана емес, импорттық көліктерге де қатысты болады. Ескі көліктерді тапсыру арқылы берілетін өтемақының болжалды сомасы — 300 000 — 350 000 теңге», — деді Лаврентьев.

Ескірген көліктерді қабылдау, оны одан әрі кәдеге жарату және сертификаттарды берумен «Оператор РОП» ЖШС айналысады.

«Аяқтыққа жол берілмес үшін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық сертификаттар бойынша база құрылады. Сондықтан әрбір сертификаттың идентификациялық нөмірі болады», — деді ол.