Қазақстанда халық саны 19 миллионнан асты

Қазақстан. 14 маусым. 7kun.kz – 2022 жылғы 1 мамырға еліміздегі халық саны 19 199,8 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 442,9 мың (59,6%), ауылдықтар – 7 756,9 мың адам (40,4%). 2021 жылғы 1  мамырмен салыстырғанда халық саны 236,9  мың адамға немесе 1,2% өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

2022 жылғы қаңтар-сәуірде республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда  (88 мың адам) 9,8% кеміп, 79,3 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 12,54 адамды құрады.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде,            2022 жылғы қаңтар-сәуірде туылғандар саны 127 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың адам) қарағанда 7,6% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 20,08 туылғандарды құрады.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 47,7 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (49,5 мың адам) қарағанда 3,6% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,54 қайтыс болғандарды құрады.

2022 жылғы қаңтар-сәуірде республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1 113 нәресте тіркелді. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1109 шетінеген нәресте) 0,4% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғанға шаққанда 8,76 оқиғаны құрады.