Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер айыппұл төлеудегі 50%-дық жеңілдіктен айырылады

Нұр-Сұлтан. 25 шілде. 7kun.kz –Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін бір жыл ішінде бестен астам бұзған тұлғаларды 50% жеңілдікпен әкімшілік айыппұл төлеу мүмкіндігінен айыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Қазір Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін күнтізбелік жыл ішінде бестен астам әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға 50% жеңілдікпен әкімшілік айыппұлды төлеу мүмкіндігін алып тастауға бағытталған түзетулер (…) әзірлеуде», – деді Мұраталиев брифингте.

Оның айтуынша, қала сыртындағы жолдарда «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін көлік құралдары жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастыратын түзетулер әзірленуде.

Сонымен қатар министрлік электр самокаттарын басқаратын адамдардың құқықтық мәртебесі жөнінде және олардың жол бойымен жүру тәртібін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.