Алматы. 19 қараша. 7kun.kz – Мұндай деректерді Kazakhstan media summit 2018 шарасында айтылды. 2017 жылы еліміздегі жарнама нарығының табысы 41,3 млрд теңге болды. 2018 жылғы өсім 12 пайыз болмақ.
Көрсетілген деректерге сәйкес жарнамаберушілердің де қатары азайған. Баспасөз бір жыл ішінде 31% жарнамаберушіден айырылса, сыртқы жарнамада бұл көрсеткіш 14%-ға, теледидарда 19%-ға төмендеген. Интернетке жарнама беретіндер керісінше, 40%-ға өсті.
CEO Select communication group Виктор Елисеев саммитте өткен жылы теледидар нарығында елеулі өзгерістер болғанын айтты. Оның айтуынша, Ресейде интернет жарнама нарығында теледидарды баяғыда-ақ артта қалдырған екен.
“2019 жылы деректерді дербестендіру үрдісі қарқын алады, назар мессенджерлерге ауады. Жарнамаберушілердің өздері агенттіктердің қызметін атқаратын болады. Көптеген компаниялар агенттік тапсырмаларды орындайтын базалық команда жасақтайды. Сондай-ақ, нарықта автоматтандыру және роботтандыру басты мәселеге айналады. Қаражаттың көп бөлігі осы салаға бөлінеді. Жарнама нарығында адам баласы көрсететін қызмет түрлері жойылады. Әрине, бір жылда емес, 10 жылға арналған жоспар”, – деді Виктор Елисеев.