Қазақстанның үш қаласынан Сочиге әуе рейстері ашылады

543
Фото: plan.ever.travel

Астана. 31 мамыр. 7kun.kz — Осы жылдың маусым айында Қазақстанның үш қаласы мен Сочиді байланыстыратын әуе қатынастары ашылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев хабарлады деп жазады Kapital.kz

«5 маусымда Ақтау – Сочи, Алматы – Сочи, Астана – Сочи байланыстары ашылады. 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында Токиомен әуе қатынасын ашу туралы келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал 2019 жылы Солтүстік Америкамен байланысуды жоспарлап отырмыз. Шамамен, әуе қатынасы Нью-Йорк қаласы арқылы орнайды», — дейді Талғат Ластаев.

Сонымен қатар, комитет төрағасының орынбасары 2016 жылғы маусымның аяғына Астана – Тегеран байланыстарын ашуды жоспарлап отырғанын айтып өтті.

«Астананың халықаралық орталықтармен байланысына келсек, жақында ғана жазғы кезеңге Амстердаммен, ал көктемгі кезеңде Шарм-эль-Шейхпен, ал Алматының Қытайдың бұрынғы астанасы Сиянь қаласымен әуе қатынастары ашылды. Иранмен жасалған келісім санкциялар алынғаннан кейінгі алғашқы шарт болды, біз екі қаладан аптасын 14 рейс туралы келісімге келдік. Қазір әлем санкциядан кейінге Иранға қызығушылық танытып отырғанын ескерсек, бұл ұтымды келісім», — деді Талғат Ластаев.