Россельхознадзор АҚШ-тан әкелінетін тауық жұмыртқасына тыйым салмақ

815

Россельхознадзор АҚШ-тан әкелінетін тауық жұмыртқасына тыйым салу туралы қарастырып жатыр. Бұл жөнінде мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.

«Россельхознадзор құс тұмауының әлем бойынша кең тарап кеткендігіне алаңдап отыр. Соның ішінде, АҚШ аумағында аталған тұмау түрі көптеп табылуда», —делінген баспасөз-баянында.

Халықаралық эпозоотиялық бюроның (ХЭБ) берген ақпараты бойынша, 17 америкалық штатта 157-ден аса құс тұмауының ошағы тіркелген. «Жойылған немесе өлген құстардың саны 33,3 миллионға жеткен, және күн сайын бұл көрсеткіш көбейіп келеді», —деп хабарлайды Россельхознадзор.

1 мамырдан бастап АҚШ-тан келетін жержаңғақ импортына тыйым салынған еді. Бұл шектеудің енгізілу себебі — кадмий канцерогенінің шектес тыс көптігі.

7 сәуірде сертификат бойынша Қазақстанда тасымалдануға тиісті 175 тонна америкалық тауық етін Ресей аумағынан өткізуге рұқсат бермеген еді. Сертификат тауар шығарылған күннен бұрын беріліп қойған болып шықты.

Осыған дейін Россельхознадзор көптеген елдерден тауарлар тасымалдауға шектеу қойған еді: Сербиядан алма, Мысырдан картоп, Канададан сиыр етін тасымалдауға тыйым салған. Сонымен қатар, мекеме қазіргі таңда голландиялық тюльпан импортына тыйым салу мәселесін қарастыруда.