Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

1 000 әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

1 000 әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

Алматы. 30 қазан. 7kun.kz – Алғашқы 1 000 әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Берілген несиелердің жалпы сомасы – 16 млрд теңге. Үй сатып алуға арналған займдар әскери қызметшілерге 6-8% аралығындағы жылдық мөлшерлемемен арнайы «әскери өнім» бағдарламасы аясында берілді. Бұл бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2018 жылы әскери қызметшілерді қолдау мақсатында іске қосқан болатын. Алғашқы заем 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ресімделді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Отан қорғаушыларға ұсынып отырған жеңілдетілген займдары үш түрге бөлінеді, ал олардың шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдалып алынған пәтерге байланысты анықталады.

Әскери қызметшілер арасында қайталама нарықтан (қолданыста болған) үй сатып алуға арналған заем түрі ең танымал болып тұр. Мұндай несиені алу үшін 20% көлемінде бастапқы жарна жеткілікті, ал клиент жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеден үміткер бола алады. Бұл бағытта банк барлығы 427 заем ресімдеген.

Сұраныс тұрғысынан екінші орында бар болғаны 5% көлеміндегі бастапқы жарнамен берілетін несие тұр. Мұндай заем тек жаңа үй алу үшін ресімделеді, ал жылдық мөлшерлемесі 7% көлемінде. Бұл мүмкіндікті 338 адам пайдаланған.

Үй бағасының 20%-ына тең бастапқы жарнаны талап ететін және 6% жылдық мөлшерлемемен берілетін үшінші бағытта 32 заем берілген.

Бұған қоса арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін қайта қаржыландыру үшін 218 заем ресімделген.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін 6 000 әскери қызметшіні несиелендіру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді.

«Осы жылы пулға өте алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра бере алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе және қолсұғылмаушылық кепілі берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды, оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3%-ға дейін баратынын айта кету керек. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады. Яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді», - деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жалпы алғанда жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірген. Пулға ең көп ұпай жинаған қатысушылар кірді. Ұпай санына бірінші кезекте үміткердің әскери қызметте өткізген жылдарының саны ықпал етті.

Қазақстанда шамамен 70 000-дай әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.

Похожие материалы