Экономика
2016 жылы ескі үлгідегі банкноттардың кейбірі айналымнан шығарылады
Алматы. 27 қараша. 7kun.kz - 2 мың, 5 мың, 10 мың теңгелік номиналды банкноттардың 2006 жылғы үлгілері 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымнан шығарылады.
« 2 мың теңгенің 2006 және 2012 жылдардағы үлгісі, 5 мың теңгенің 2006, 2011 жылғы үлгілері және 10 мың теңгелік номиналды банкноттың 2006,2012 жылғы үлгілері 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қатар пайдаланылады", - деп хабарлаған болатын Ұлттық банк.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған ескі үлгідегі ақша белгілері Қазақстан аумағында және басқа да төлем жасалатын ортада заңсыз болып табылады. Ал қатар қолдану кезеңі аяқталғаннан кейін айналымда қалып қойған ұлттық валютаның ескі үлгілері қолданыстағы ақша белгілерінің дизайны ауыстырылу ережесіне сәйкес, екінші деңгейлі банктерде заңды және жеке тұлғалардан 12 ай ішінде (2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап) қабылдана береді.
Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі ақша белгілерін айналым кассалары арқылы заңды және жеке тұлғалардан қабылдауды немесе беруді жүзеге асыра береді.
Ал мың теңгелік номиналды банкноттар 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін қатар қолданылады.
Фото: kapital.kz