Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

2017 жылдағы жылжымайтын мүлік салығындағы өзгерістер

2017 жылдағы жылжымайтын мүлік салығындағы өзгерістер

«Үйлену оңай, үй алу қиын» болған мына заманда, алған үйдің салығы адамды тағы бір әбігерге түсіретіні хақ. Меншік иесі атанғаннан кейін, мүлікті сатып алушы қандай салық төлеуі қажет, кімдерге жеңілдіктер қарастырылған және т.б. осы сарындағы сауалдарға «Finex-Audit» ЖШС директоры, ҚР салық кеңесшісі – Сәкен Карин kn.kz порталына жауап берген. 2017 жылды жылжымайтын мүлік салығына енгізілген өзгерістер туралы толығырақ танысыңыз.

Мүлік салығы

Пәтерге ие бола отырып, жеке тұлға ҚР Салық кодексінің (бұдан әрі - ҚР СК) 403 бабы бойынша мүлік салығын төлеуші болып саналады.

Салықтан кімдер босатылған?

Сонымен қатар, төменде келтірілген тұлғалар мүлік салығын төлеушілердің қатарына жатпайды.

  1. Кеңес Одағының батыры, Социалистік Еңбек Ері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Epi» марапатының иегерлері, «Отан» орденінің иегелері, «Ер ана» атағын алған, «Алтын алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, жалғыз тұратын зейнеткерлер – 1 қаңтардан бастап күшіне енген республикалық бюджет заңнамасына сәйкес, егер мүліктің құны 1000 еселенген АЕК көлемінен аспайтын болса;
  2. Ұлы Отан соғысының қатсыушылары, Ұлы отан соғысының Еңбек ерлері, сонымен қатар, 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында 6 айдан артық жұмыс істеген, бірақ ешқандай медальмен марапатталмағандар, мүгедектер - 1 қаңтардан бастап күшіне енген республикалық бюджет заңнамасына сәйкес, егер мүліктің құны 1500 еселенген АЕК көлемінен аспайтын болса;
  3. Жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған 18 жасқа толмаған балалар;
  4. Жеке кәсіпкерлер өз кәсібіне пайдаланып отырған нысанға салық төлемейді.

Бірақ оған, тұрғын үй мен ҚР СК 409 бабында келтірілген басқа да нысандар кіргізілмейді.

Мүлік салығы қалай есептеледі?

Тұрғын үйдің шаршы метрінің базалық құны мүлік орналасқан елді мекенге байланысты өзгеріп отырады және ұлттық валютамен белгіленеді. Жеке тұлғалардың иелігіндегі мүлікке салынатын салық 408 бапта келтірілген мөлшерлемелер арқылы есептеледі. Мысалы, мүліктің құны 2 000 000  теңгеге дейін болса,  онда сол соманың 0,05 пайызы  салық болып қосылады. Ал 2 000 000  мен 40 000 000 теңге аралығында бағаланатын мүлікке 1000 теңге тұрақты мөлшерлеме + соманың 0,08 пайызы салық болып салынады.

Мүлік салығын қашан төлеу керек?

Жеке тұлғалардың иелігіндегі нысанға қатысты салық сол кезеңнің 1 шілдесіне дейін есептеледі. Бұл үрдіс мүлік иесінің мекен-жайы бойынша емес, керісінше, мүлік орналасқан аймақтың салық органдары арқылы қадағалануы тиіс.

Егер нысанның жеке меншік иелігінде болу уақыты 12 айдан аз болса, мұндай мүлікке салынатын салық  жалпы соманы он екіге бөліп, шыққан санды мүліктің иелікте болған уақытына, яғни ай санына көбейтеміз.

Сонымен бірге, нақты мүліктің жеке меншік иелігінде болу мерзімі салық кезеңі басталған уақыттан немесе мүлікке иелік ету құқығы берілген айдың бірінші күнінен бастап есептеледі.

Бірнеше адамның иелігіндегі нысанға салынатын салық та, сол адамдардың үлесіне сай бөлінеді.

Құнын жоғарылатып сатқан мүліктен түсетін табыс

Пәтерді бір жыл ішінде сатып алып, оны қымбат бағаға қайта сатқанда, ҚР СК 180 бабына сәйкес бағасының өсуіне байланысты мүліктен белгілі бір табыс түседі. Мұндай пайда  жеке тұлғалардың ҚР аумағында орналасқан мынадай мүліктерді сатқанынан пайда болады:

  • меншік құқығын тіркеген күннен бастап бір жыл толмаған тұрғын үйлер, саяжайлық құрылыстар, көлікжайлар;
  • меншік құқығын тіркеген күннен бастап бір жыл толмаған жер учаскелері мен ондағы үлестер;
  • т.б. жылжымайтын мүліктер

Белгілі бір мүлікті сатудан пайда тапқан адам, мемлекетке тапқан пайдасының 10 пайызы көлемінде салық төлеуі тиіс. Мұндай төлемді әр жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, азаматтың өзі орындауы қажет.

Салықты уақылы төлемесең не болады?

ҚР СК 610 бабына сәйкес салықты уақытылы төлемегендер үшін мерзімі өткен өсім салынады.

ҚР СК 322 бабына сәйкес жеке кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор болып табылмайтын тұлғалар салықты төлемеген жағдайда салық органдары сотқа арыз түсіруіне болады. Сол арқылы сіздің мүлігіңіздің есебінен аталмыш салық өндіріледі.

Сонымен қатар, салық органдары ҚР СК 607 бабына сәйкес салық заңнамасымен бекітілген мерзімде салығын төлемеген адамдарға олқылығын түзету туралы хабарлама жіберулері тиіс.

Мұндай хабарламаның мерзімі 30 жұмыс күні болып есептеледі.

Берілген уақыт аяқталысымен, егер талаптар орындалмаса, салық мекемесі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 288 бабына сәйкес салық төлеушіге 8 АЕК көлемінде айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.

Похожие материалы