2017 жылы мұнай бағасы 61 доллар деңгейінде болады. Дүниежүзілік банк нарықтағы тауарларға арналған шолу есебінде (Commodity Market Outlook) осылай көрсетіп отыр. Мұндай болжамдарды Goldman Sachs, Citi Bank, Deutsche Bank, АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрлігі мен энергетикалық ақпарат басқармасы, Аустралияның индустрия, инновация және ғылым министрлігі де жасап отыр.
Дүниежүзілік банк өзінің 2016 жылдың қазан айындағы есебінде кейбір биржалық тауарлар құны жыл басынан бергі көрсеткішпен салыстырғанда 3 тоқсанда қымбаттай бастағанын айтқан.
Сонымен 2017 жылы мұнай шикізатының бағасы орташа есеппен барреліне 55 долларды құрайды деп болжанып отыр. Болжамның мұндай позитивті көрсеткіші 2016 жылдың қараша айындағы ОПЕК-тің мұнай көлемін шектеу туралы шешіміне байланысты болуы мүмкін. Айта кетейік, ОПЕК-ке мүше елдер тәулігіне өндірілетін қара алтын өндірісін 1,2 млн баррельге дейін азайту туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк металл бағасы 2016 жылдың шілде айындағы болжамға қарағанда 2017 жылы қарқынды өсе бастайтынын айтады.
Осыған сәйкес, ҚР Үкіметі мұнай бағасына қатысты орташа бағаны 35 доллар шамасында белгілеп отыр. Ал Bank of America Merrill Lynch болжамы бойынша баға 61 доллар шамасында белгіленеді.
Мырыштың бағасы бойынша Дүниежүзілік банк пен Deutsche Bankтің болжамына сәйкес, тоннасы 2500 доллар болады. Citi Bank ұсынған баға біраз төмен, 2445 долларды құрайды. Өткен жылы биржалық металдар арасында мырыштың бағасы жақсы нәтиже көрсеткен. Бір тонна үшін баға 12 айдың ішінде 1555 доллардан 2630 долларға дейін көтерілген немесе 69,1%-ды құрады.
Дүниежүзілік банк пен Goldman Sachs мыстың бағасына да болжам жасаған. Олардың мәліметінше, 2017 жылы мыстың 1 тоннасы 4913 доллардан 5600 долларға дейін көтеріледі.
Сондай-ақ, алдағы 12 айда астық бағасы (1 тонна үшін) 135,9 доллардан 179 долларға дейін көтеріледі. Мұндай бағаны АҚШ-тың Ауыл шаруашылық министрлігі мен Дүниежүзілік банк жасап отыр.
Ал егер мұндай болжамдар шындыққа айналатын болса, Қазақстанның да экономика өсімі "қағаз жүзінде" емес шынайы болуы мүмкін.
Айта кетейік, 2016 жылдың жартыжылдығындағы мұнай бағасының жағымды тенденциялары Қазақстанның сыртқы саудасының жақсаруына оң әсерін тигізген жоқ. Ресей экономикасындағы рецессия сияқты қолайсыз жағдайлар, Қытайдағы экономика өсімінің бәсеңдеуі және валюта тұрақсыздығы Қазақстандағы мұнай өндірісі сияқты маңызды факторларға кері әсерін тигізді.