2021 жылы Қазақстандағы сауданың жалпы көлемі 100 млрд. АҚШ долларын құрады
2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы көтерме-бөлшек сауданың жалпы көлемі 42,2 трлн. теңге немесе 100 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл туралы «QazTrade» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы Ташкенттегі халықаралық инвестициялық форумында айтты.
Оның айтуынша пандемияға дейінгі кезеңде сауда саласы жылына 7,6%-ға өскен. 2020 жылы қатаң карантин кезінде 7,2%-ға құлдыраған, ал 2021 жылы нақты өсім 9,2%-ды құрады. Ағымдағы жылы өсім жалғасуда және алғашқы 2 айда өсім 6,1%-ды құрады. Алайда бөлшек сегментте 7,5%-ға төмендеу байқалды. Пандемия кезінде электронды коммерция қарқынды дамыған.
«Пандемия электрондық коммерцияны дамытудың драйверіне айналды. Өткен жылы Қазақстанда төлем карточкаларын пайдалану арқылы жасалатын транзакциялар көлемі 220 млрд доллардан асты. 2014 жылдан бастап Қазақстанда электрондық сауда көлемі 10 есе өсті. Біздің мақсатымыз 2025 жылға қарай ел ритейлінің жалпы көлеміндегі е-коммерция үлесін 15%-ға дейін жеткізу. Өткен жылдың 9 айында оның үлесі шамамен 11%-ды құрады», - деді Асқарұлы.
Айта кетейік, Қазақстанда 100-ден астам интернет-дүкен мен 20 жергілікті және халықаралық маркетплейстер жұмыс істейді. Ең ірі қазақстандық онлайн-алаң - Kaspi.kz-тің айналымы шамамен $1млрд құрайды. Arbuz.kz онлайн-супермаркеті Бельгия мен АҚШ нарығына, халықаралық деңгейге шығуды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанның ірі маркетплейстерінің бірі Flip.kz және Satu.kz-тен ай сайын 5 млн-нан астам пайдаланушы кіреді.
Азамат Асқарұлының айтуынша, саудадағы жаңа тренд - маркетплейстердің бәсекелестігі.
«Тұтынушылардың талаптары үнемі өсіп келеді. Статистика көрсеткендей, тұтынушылар өнім мен дүкеннің сапасын өнім туралы ақпарат алу жылдамдығына қарай бағалайды. Статистикаға сәйкес, егер олар барлық ақпаратты бірінші кезекте тапса, сатып алушылардың 41%-ы басқа дүкенге бармайды, ал егер өнім туралы ақпарат болмаса, 31%-ы басқа сайтқа 10 секунд ішінде ауысады. Сондай-ақ, маркетплейстер баламалы цифрлық сату арналарын дамыта отырып, тауарлар туралы ұсынатын ақпараттың болуы мен форматына назар аударуды күшейтуі қажет», - деді Асқарұлы.