2025 жылға дейін денсаулық сақтау мен білім беру саласында қандай өзгерістер болады?
Алматы. 25 маусым. 7kun.kz – 2020 жылы МӘМС енгізуді ескере отырып, бір тұрғынға медициналық көмек көрсетуге арналған шығындар 92,2 мың теңгеге дейін артады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді, ол медициналық қызмет көрсетудің жаңа форматтарын, кадрлар тапшылығын қысқартуды, медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Нәтижесінде жалпы практика дәрігеріне жүктеме 1700 адамға дейін төмендейді, бұл бізді ЭЫДҰ стандарттарына (1500 адам) жақындатады. Алдағы үш жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) нысандары 11 мың бірлік медициналық техника жабдықталып, 595 АМСК нысаны ашылады, 228 нысанды күрделі жөндеу жүргізіледі», – деді Смайылов.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау күшейтіледі, көтерме және бөлшек сауда бағаларын төмендетуді ынталандыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
«МӘМС енгізуді ескере отырып, 2020 жылға қарай бір адамға медициналық көмек көрсету құны 92,2 мың теңгеге дейін артады», - деді қаржы министрлігінің басшысы.
Білім беру саласына келер болсақ, мұнда балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен толық қамту, орта білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуді аяқтау, 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу, үш тілді енгізу, елдің дамуына ғылымның үлесін күшейту арқылы 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады.
«Мұғалімдердің мәртебесін қолдау үшін олардың беделін көтеруге, кәсіби өсуіне және ерекше функцияларды орындаудан босатуға бағытталған «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді. Жалпы, денсаулық сақтау мен білім беру саласына жұмсалатын шығындарды 2025 жылға қарай әр салада ЖІӨ-нің 5% -ға дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді министр.