Қазақстандықтардың жартысынан көбі ақшаны ұлттық валютада жинақтайды. Бұл мәлімет «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
«DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың ұлттық валютаға сенімі. Экономиканың долларсыздануы» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1371 азамат қатысты. Олардың 74%-ы әйел адамдар, 26%-ы ер азаматтар.
DEMOSCOPE-тің мәліметінше, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 57%-ы депозитті ұлттық валютада мүмкіндік болғанда ашар едік деген. Ал олардың 21%-ы депозит ашу үшін АҚШ долларын таңдайды екен. Евро валютасында ақша жинағысы келетін отандастарымыздың саны 8%. Респонденттердің 5%-ы депозиттерін теңге, доллар, евродан өзге валютада жинақтағысы келеді. Ал, мультивалюталық, яғни бірнеше валюталық депозит ашқысы келетіндер саны 9%-ға тең.
Сонымен қатар, соңғы жылда сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 41%-ның ұлттық валютаға деген сенімі төмендеген. Теңгенің әлсіреуіне қарамастан, қазақстандықтардың 18%-ның теңгеге деген сенімі арта түскен. 24%-ы соңғы экономикалық өзгерістерге қарамастан «Ұлттық валютаға деген сенімім еш өзгерген жоқ» деп жауап берді. Қалған сауалнама қатысушылары бұл сұраққа нақты жауап бере алмаған.
Зерттеуға қатысқан азаматтардың 32%-ы экономиканың долларсыздануы әбден мүмкін деген пікірде екен. Олар доллар айналымнан шығады, біз тек теңгені пайдалануға көшеміз деп болжайды. «Керісінше, доллар әлі де күшеюі мүмкін» деген пікірді ұстанатын халық 7%. 28%-ы экономиканың долларсыздануы мүмкін емес дейді. Ал, 17%-ы теңгені күшейту мақсатында шетелдік валютаны қолдану белгілі бір мөлшерде шектелуі мүмкін, алайда доллар Қазақстан нарығынан шеттетілмейді деген пікірде. Қалған 16%-ы бұл сұраққа қатысты нақты пікір білдірмеген.
Естеріңінзе сала кетейік, 16 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа Қазақстан халқының теңгеге деген сенімін қайта орнықтыру үшін тиісті шаралар қолдануды, сонымен қатар, экономиканы долларсыздандыру үшін жасалып жатқан жұмыстарды жалғастыруды тапсырған.