Выбор редактора
Жанна Қалматаева: ҚазҰУ-ға медицина факультеті керек
Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (ҚДСМ) медициналық факультеті ашылды. ҚДСМ мектебі - ҚазҰУ-дағы он бесінші факультет. Елімізде бірнеше медициналық оқу орындарының болғанына қарамастан ҚазҰУ-де жаңа факультеттің ашылуы көпшілікке түсініксіз болғаны рас. Жаңа факультеттің мақсаты не? Не үшін қажет? Білім ошағы туралы факультет деканы Жанна Қалматаева Амантайқызы 7kun.kz-ке толығырақ әңгімелеп берді.
- Алматыда С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университет бар. ҚазҰУ-да медициналық факультет ашудың қаншалықты қажеттілігі бар?
- Қазақстанда түрлі саладағы дәрігерерді даярлайтын 5-тен аса ЖОО-дары бар. Бірақ елімізді жоғарғы білікті дәрігер мамандарымен қамтамасыз ету қажеттілігі әлі де өзекті. Негізінде, халықаралық деңгейдегі көп салалы барлық университетте медициналық факультеттің ашылуы қалыпты тренд. Шет ел тәжірибесі көрсеткеніндей QS,THE рейтингіндегі университеттердің бәрінде медициналық факультет бар. Әлемдік деңгейдегі ЖОО-дардың бірі ретінде ҚазҰУ-да да осындай факультеттің ашылуы қалыпты. Біздің университет әлемдік жоғарғы оқу орындарының қатарына кіреді. Сондықтан да бір межеде тоқтап қалмай халықаралық стандарттармен қатап жүріп отырғаны дұрыс.
- Бұл факультетті ашу қалай жүзеге асырылды?
- Медициналық факультет ашу идеясы ұзақ уақыттан бері жоспарланған. 1995 жылы биологиялық факультет негізінде «медико биологиялық іс» мамандығы бойынша мамандарды даярлау басталды. Бұл саладағы мамандарға деген қажеттілік Қазақстанда әлі де өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта барлық жерде емдеу және диагностикалаудың инновациялық әдістемелері енгізіліп және замануи медициналық құрал- жабдықтар пайдалынылады. Бізге де осы бағытты дамыту қажет. ҚазҰУ-дегі медициналық бағытта алға бастырудағы басты әріптестеріміз - Оңтүстік Кореядағы Сеуль университеті мен Йёнсе университеті. Бұл ЖОО-дар денсаулық сақтау саласында жетекші орындағы университеттердің бірі. Біздегі медициналық факультеттің білім беру бағдарламасы да Оңтүстік Корея университеттеріндегі бағдарламаға негізделіп құрастырылған.
- Оңтүстік Кореялық мамандармен бірігетін медициналық биологиялық класстер қандай бағытта жұмыс істейді? Сіз айтқан биомедицина бізге қаншалықты қажет? Қаншалықты дамыған?
- Қазіргі уақытта ҚазҰУ-нің негізінде медико-биологиялық кластер тағайындалып жатыр. Бұл кластердің өзі ғылыми-зерттеу және клиникалық диагностикалық білім беру үрдістерін қатар алып жүреді. Биомедицина биологиялық және табиғи танымның басқа да принциптерін клиникалық тәжірибе саласында қолданады. Сондай-ақ, биологиялық аралас аумақтарда денсаулыққа қатысты басқа да салаларды қамтуы мүмкін. Биомедицина биология, химия және физикадан әдістерді қолдана отырып, физиологиялық үрдістерді де зерттейді. ҚазҰУ-дың қазіргі зор мүмкіндіктерін ескерсек, биомедицинаны ғылым ретінде дамытуға дәл осы алаңда үлкен мүмкіндіктер бар.
- Қазір қанша студент қабылданды? Қандай мамандықтар бар?
- Қазір факультет «медико-профилактикалық іс» және «қоғамдық денсаулық сақтау» бойынша мамандар даярлайды. Бакалавриат бойынша 1-курста 30 адам, 2-курста 5 адам, магистратура бойынша 1-курста 6 адам оқиды. Оқыту бағасы шамамен - 800 мың теңге. Жаңа оқу жылынан бастап, «Жалпы медицина» мамандығын және сондай-ақ, клиникалық мамандықтар бойынша клиникалық резидентура саласын ашу жоспарланып отыр. Талапкерлер жалпы ереже бойынша магистратура мен доктарантураға да түсе алады. Яғни емтиханды екі кезең бойынша тапсырады: шет тілі және профильдік пән тапсыру. Осы жылы шет ел студенттерін қабылдау жоспарға алынып отыр.
- Факультет базасы қалай қаржыландырылады?
- Медициналық факультетті қаржыландыру барлық факультеттер тәрізді мемлекеттік бюджет есебінен және университеттің шаруашылықтық есеп бөлімі арқылы қаржыландырылып отырады.
- Қазір ЖОО-дарындағы кәсіби мамандарды дайындауға қатысты жағдайдың сын көтермейтіндігі рас. Жаңа факультеттегі оқытушылар базасы қандай болады? Теория мен практиканы қатар ұштастыру қалай жүзеге асырылады?
- Біздің факультеттің құрамында қоғамдық денсаулық сақтау саласының, оның ішінде эпидемиология және гигиена кафедрасы, биостатистика, әлеуметтік ғылымдар кафедраларының жетекші сараптамашылары мен мамандары бар. Шет елдің университеттерінен де арнайы мамандар шақыртамыз. Тәжірибе үшін университет ішінен клиникалық-диагностикалық орталық ашылған. Бұл орталық қазіргі заманның талаптарына сай замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтармен, зертханалық компаниялармен бекіткен келісім-шарттарымыз бар. Студенттеріміздің тәжірибесін ұштауға барлық мүмкіндіктері бар.
- Ал бұл мамандықты бітірген студенттер сұранысқа ие болады ма? Қандай орындарды жұмыс істей алады?
- Бітіруші түлектеріміз
қоғамдық денсаулық сақтау, санитарлық -эпидемиологиялық қызмет саласында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, денсаулық сақтау саласында менеджер ретінде жұмыс істей алады. Түлектер өздерінің кәсіби қызметін қоғамдық денсаулық сақтау саласымен байланыстырған жағдайда, «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына магистратураға түсе алады. Біздегі оқыту үш тілде жүргізіледі.
- Денсаулық сақтау саласы жиі сынға алынып, жатады. Жүйеге үлкен өзгеріс керек дегенімен, түбі оқыту жүйесін жаңаландыру қажеттігін көреміз. Білім беру процесін жақсарту қалай жүзеге асырылады?
- Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, әсіресе халық көмекті қажет ететін кез-келген сала қоғамның жауабына өте сезімтал. Менің субьективті пікірім бойынша, халықтың денсаулық сақтау жүйесін, соның ішінде, денсаулық сақтаудағы білім беру жүйесін бағалауы қанағаттанарлық деңгейде. Бірақ жиі сынға ұшырайтындығында жоққа шығаруға болмайды. Бізге науқаспен қарым-қатынас орнатып ғана қоймай, олардың тарапынан денсаулық сақтау жүйесінің сапасы қандай болу керектігін де анықтап алу керек. Қазіргі оқыту процесі үшін мұның маңызы зор. Жалпы қазіргі оқыту процессі жаңа амал-тәсілдерді қолдану, мамандар қорын дұрыс бөлу және денсаулық сақтау саласын сапалы ақпараттармен қамту қажет етеді. Осы мәселелерді қолға алу керек.
- Факультеттің өзінде базалық білім беруден бөлек, қандай да бір жаңа жобалар бар ма?
- ҚДСЖМ академиялық бағдарламаларынан басқа, аралас мамандықтағы денсаулық сақтау саласының мамандарының кәсіби біліктілігін жоғарылату және қайта даярлау бағдарламаларын іске асыра бастайды. 80-нен астам курстар мен денсаулық сақтаудың саясаты және ұйымдастыру, денсаулықты сақтау және нығайту, эпидемиология және гигиена, тұтынушылар құқығын қорғау, биостатистика және дәлелді медицина, спорттық медицина, денсаулық сақтаудағы корпоративтік басқару бойынша шеберлік сыныптар өткіземіз.
Әңгімелескен Жұлдыз Ерік "7"