Экономика
Неге теңге банкноталарында Ұлттық банк төрағасының қолы болмайды?
Ұлттық банк төрағасының қолы енді теңге банкноталарынан жоғалады. Бұған Ұлттық банк төрағасы ауысқан сайын банкнотадағы оның қолын да ауыстырып отыруынан туындайтын қаржылай шығындар себеп. Бұл туралы онлайн-конференция кезінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.
"Жақында мемлекет басшысы Ұлттық банк монеталары мен банкотасының дизайн концепциясын ретке келтіретін бұйрыққа қол қойды. Осыған дейін банкнотада болуы тиісті элементтердің бірі Ұлттық банк төрағасының қолы еді. Енді неге төрағаның қолын купюралардан алып тастауды ұсынғанымызды түсіндірейік. Банкнота шығару процесі өте ұзақ уақытты алады. Осы уақыт аралығында банк төрағасының ауысып кететін уақыты болады. Эмиссия процесі онсызда өте күрделі. Ұлттық банк төрағасының қолын ауыстыра салу оңай емес. Барлығын қайта реттеу үшін үлкен қаржылай шығындар кетеді",- дейді Данияр Ақышев.
Оның атап өтуінше, тек Қазақстан ғана орталық банк басшысының қолын алып тастауды жоспарлап отырған жоқ. "Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Мысалы, ресейлік рубльде ОБ төрағасының қолы жоқ. Купюрадағы Ұлттық банк төрағасының қолы нені меңзейді? Осыған дейін бас банкирдің банкнотадағы қолы оның барлық міндеттемелерін орындайтындығын білдірді. Қазіргі уақытта ол міндеттемелердің барлығы заңда бекітілген және Ұлттық банк ұлттық валютаға қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Тиісінше, банкнотада қолдың тұрған-тұрмағанына қарамастан Ұлттық банк ол купюралар үшін жауап береді. Осыған байланысты біз шығындарды қысқарту үшін қол қоюдан бас тарту қажет деп есептейміз",-деп түсіндірді еліміздің бас банкирі.
Фото:plus7-db.com