Ресей Федерациясы Қазақстан аумағында орналасқан әскери полигондардың жалға алынған әрбір гектары үшін 2,33 доллар төлейді. Бұл туралы еліміздің қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров мәлімдеді.
"Негізгі келісім бағасы 2 доллар 33 центті құрайды. Мерзімі 2019-2020 жылдарға дейін белгіленген. Бірақ келісім-шарт мерзімі аяқталмағандықтан, біз өзгеріс енгізе алмаймыз. Уақыты біткенде жоспарларымызды қайта қараймыз деп ойлаймын. Біздің жалға берілген 2 млн гектар жеріміз бар. Олардың ішінде 588 мың гектарын Атырау мен БҚО-ға кері қайтарамыз",-деп түсіндірді ол журналистерге.
Қорғаныс министрі орынбасарының атап өтуінше, барлық төрт әскери полигонды жалға берілгеннен түсетін сома 24 млн долларды құрайды. Сондай-ақ ол сенаторлардың "жалға алынған жерді қайтару туралы тек құр уәде береді" деген сындарына да жауап берді. "Бұл - болашақтың жұмысы. Барлық жерді жалға алудан қайтарып алған соң, арнайы комиссия құрылып, мемлекеттік органдар қажетті зерттеу жүргізеді. Егер қандай-да бір проблема анықталса, жалға алушы оны шешуі тиіс",-деді ол. Оқас Сапаровтың сөзінше, қазақстандық әскери полигондарды жалға беру құны Ресей Федерациясымен 1995 жылы белгіленген және ол уақыттан бері өзгерген жоқ. Бағаның қалай белгіленгені белгісіз. Фото:yaplakal.com




