Экономика
Авто
Өзгерту енгізілген республикалық бюджет жобасы 20 ақпанда Үкіметке ұсынылады
2016 жылғы респубикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы 20 ақпан күні Үкімет қарауына ұсынылады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов дүйсенбі күнгі Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Тапсырмаға байланысты 20 ақпан күні бюджетті нақтылау туралы заң жобасын қарауға алып келуді жоспарлап отырмыз. Жұмысты жеделдету үшін жеке тапсырмалар беруіңізді өтінеміз", - деді ол премьер-министр Кәрім Мәсімовке.
Қаржы министрінің сөзінше, 2015 қаржы жылын аяқтау бойынша консервативті шешім 2016 жылдың басында 260 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Қаржының бір бөлігі бюджетті нақтылау кезінде 2016 жылғы жетіспеушілікті қаржыландыруға бағытталады.
Дағдарысқа қарсы іс-шаралар пакеті бойынша нақтыланған бюджетте 340 млрд теңге қаржы болады. Оның 240 млрд-ы Ұлттық қор трансфертінен алынады. Ал 124 млрд теңге бекітілген бюджетте қарастырылған арнайы резерв бойынша қайта бөлінеді. Яғни, қаржы жұмыспен қамту жол картасы, агроөндіріс саласындағы және "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларының өтемақысына қатысты шығындарға жұмсалады.
"Осы жылы республикалық бюджет шығыны бекітілген көлемге қатысты шамамен 600 млрд теңгеге ұлғаяды. Бұл жаңа шартқа байланысты қалыптасқан бюджет саясатына сәйкес болып отыр", - деді Б. Сұлтанов.
Фото: altaynews.kz