Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанның қаржы нарығына үлкен қауіп төніп тұр

Қазақстанның қаржы нарығына үлкен қауіп төніп тұр
Қазақстанның қаржы нарығына төнген қатер көп. Валюталық бақылау қатаңдатылып, ұлттық компания қарыздары қайта құрылымдауға ұшырауы мүмкін. Елдің инвестициялық рейтингі төмендеп, шетелдік капиталдар сыртқа жылыстай бастайды. CFO Summit 2016 жиынында еліміздің қаржы және банк секторындағы ірі ойыншылары осы және өзге де өзекті мәселелерді талқылады. 7kun.kz ең өзекті тұжырымдамаларды назарларыңызға ұсынады. "Елде валюталық бақылау қатаңдатылып, ұлттық компаниялардың қарызы қайта құрылымдауға ұшырауы мүмкін. Алғашқы белгілері де байқалып келеді. Аз уақытта елдің инвестициялық нарығы да тартымдылығынан айырылмақ. Одан кейінгі салдары қазақстандық компаниялар үшін ауыр болады. Банк өтімділігі дағдарысқа ұшырап, сақтандырушылар банкротқа ұшырауы мүмкін деп болжап отырмыз", - деді жиында "Сентрас" компаниялар тобының басқарушысы Елдар Әбдіразақов қазақстандық қаржы секторы туралы.
Ол қазіргі энергоресурс бағаларының ұзақ мерзімге созылуы мүмкін екендігін де атап өтті. "Әлемдегі екінші "қырғи-қабақ" соғысқа біздің де қатысымыз болады. Қазақстан тікелей болмаса да, жанама түрде осыған араласады. Валюталық соғыстар да басталады. Пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі, капитал құнының артуы ұзақ мерзімде сақталады. Қытай экономикасының өсімі баяулайды деп болжануда", - деп түсіндірді ол. Қазақстанның Дүние жүзілік сауда ұйымына кіруінен еліміздің қаржы нарығына қауіп төнуі мүмкін. Әлемдік ұйымның талаптары бойынша қазақстандық экономиканың көптеген секторларына баратын мемлекеттік қолдау қысқарады. Дәлірек айтқанда, 2021 жылы Қазақстан түрлі тауарларды сатып алғанда немесе өндіріске шығарғанда қаншалықты отандық өнім екендігін тексеруді азайтпақ.
 Е.Әбдіразақовтың баға беруінше, Қазақстан өз-өзін қамтамасыз ете алатын экономикаға айналып, шикізат бағасының төмендеуіне дайындала қойған жоқ. "Экспорттық артықшылығымызды пайдаланып болдық. 2009 жылдан кейін жүзеге асырыла бастаған мемлекеттік бағдарламалар да мәресіне жетіп қалды. Бізде үлкен резерв жоқ, қалған бөлік - тек инвестиция ғана. Осыны түсінетін уақыт жетті", - деп қорытындылады сөзін ол. "Дағдарыс біздің санамызда"
 Е.Әбдіразақовтың соңғы тұжырымымен саммит қатысушылар толықтай келісе қойған жоқ. ҚР Ұлттық банкінің экс - төрағасы Қайрат Келімбетов біздегі дағдарыстың түйіні басқа да деп есептейді. "Танымал классик айтқандай, дағдарыс біздің санамызда. Қытайдағы өсім баяулап жатыр немесе Ресейде тоқырау болды, мұнай бағасы төмендеді дегенге назар аудара берудің қажеті жоқ. Соңғы 2 жыл біз осыны талқылап жүрміз. Ал барша әлем басқа күн тәртібімен өмір сүреді деді "Астана" қаржы орталығының қазіргі басшысы.
Дегенмен саммитке Ұлттық банк өкілі ретінде тек Қайрат Келімбетов болған жоқ, осыған дейін қаржы институтын басқарған өзге де басшылары жиналды. Қаржы нарығындағы мәселеден бөлек, өз қызметтері барысындағы қандай қателіктеріне өкінетіндіктерін де жеткізді. Бірінші болып Ұлттық банкте 1998-1999 жылдары жұмыс істеген Қадыржан Дамитов өз толғанысымен бөлісті. "ҚР Ұлттық банкі - үлкен ұйым, кейбір шешімдер қабылдағанда ұзақ ойлануға да уақыт болмайды. Менің ойымша, сол жылдары банк бақылауына қатысты барыншы қатаң шаралар қабылдауға болатын еді", - деді ол. Ораз Жандосов, Ұлттық банктың 1996-1998 жылдар аралығындағы төрағасы: "Менің басты қателігім - Президенттің Ұлттық банктен Үкіметке ауысу туралы шешіміне ертерек келіспегендігімде. Бәлкім стратегиялық жоспарлау агенттігі 2000 жылдар басында баяндама жасаған әділетсіз түрде өткен жекешелендірулерді тоқтату мүмкін болар ма еді". Қайрат Келімбетов, Ұлттық банктың 2013-2015 жылдар аралығындағы төрағасы: "Әрине, қателіктер болды. Менің кезімде коммуникаиялық стратегиялар көп еді. Қазір уақыт өзгерген. Мемлекеттік органдар қандай-да бір шешімдерге тез жауап қайтара алады. Ал өз уақытындағы жетістіктері ретінде инфляциялық таргеттеу курсына өту процесін атап өтті. "Бұл процесс ұзақ уақытты алады. Көптеген елдерде еркін курс айналымына өту үшін бірнеше жыл қажет", - деп түсіндірді экс-төраға. Бұрынғы басшылардың бірі Ораз Жандосов қаржы нарығындағы жетістіктер туралы айтуға келгенде аздап қиналды. "Шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап беру қиын. Ең ірі банктың рейтингі ССС деңгейіндегі бұл қандай ел деп сұрайды менен экономист әріптестерім. Өкінішке орай, бұл сұраққа менде жауап бере алмаймын. Мойындау керек, негативті фактіде менің де "үлесім" бар. Сондықтан, табыстары туралы әзірге айтқым келмейді", - дейді ол. [caption id="attachment_38248" align="alignnone" width="718"]Фото:kazinform.kz Фото:kazinform.kz[/caption] Жиынның екінші бөлімінде банк секторының мәселелері талқыланды. Казкоммерцбанктың басқарма төрағасы Мағжан Әуезов несиелік және депозиттік базаның долларсыздандырылуы басты проблема болады деп атап өтті. Долларсыздандыру жүргізілмейінше, банктер тек қарыз қайтарушылар мен мемлекеттік несиелік бағдарламаларын іске асырушылар ретінде қала береді.
"Жалпы жүйе ретінде біз дұрыс жылжып келеміз. Бірақ банктерге сенімділік мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Банктердің екі проблемасы бар. Біріншісі- депозиттік базаның және несиенің долларсыздандырылуы. Олар толығымен шешілмейінше, банк жүйесі үлкен қысым астында болуын жалғастыра береді. Екіншісі банктердің несие белсенділігіне қатысты. Банктер несиелендіру көлемін арттырмаса, барлық қызметі Бәйтерек арқылы мемлекеттік бағдарламардың кредиттерін беретін жүйенің төңірегінде қалып қояды", - деді Мағжан Әуезов.
Оның атап өтуінше, банк секторы депозит алып, кредит беру деген парадигмадан алыстай түсуі қажет.  Бүкіл әлемдегі бизнес бұл шеңберден асып кетті. Бүгінде олар мобильді төлем қызметін, жаңа экономика жүйесінің негізгі бөлігі болып қалатын басқа да құралдарды пайдаланады. "Біздің банктеріміз де осы бағытта дамуы қажет. Сонда біз бизнеске "Дамудан" алған ақша арқылы ғана көмектесіп қоймаймыз. Клиенттерімізге қолдау көрсетіп, жаңа кәсіп қалыптастыруларына ықпал етеміз. Бұл - өте маңызды", - деп қорытындылады ол.

Похожие материалы