Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Экс-министр: Жоғары білімді жұмыссыздар саны артып келеді

Экс-министр: Жоғары білімді жұмыссыздар саны артып келеді

Ресми статистика бойынша, 2016 жылы Қазақстанда 441 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 10 мың адамға аз. Сарапшылар экономика тұралап, кәсіпорындарда қысқарту жүріп жатқанда жұмыссыздар санының азаюы мүмкін емесін алға тартып, мемлекеттік статистиканың шындыққа жанаспайтынын айтады.

Соңғы екі жылда Қазақстанның экономикалық өсімі 1 пайыз шамасында тұр. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2015 жылмен салыстырғанда екі есе азайды. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев мемлекет жұмыссыздардың санын «қолмен» азайтып отырғанын, олардың саны ресми статистикамен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін айтады.

- Министрліктің ресми деректеріне қарасақ, жұмыссыз азаматтардың саны азайып жатқандай көрінеді. Бірақ әңгіменің бәрі олардың қалай есептелетінінде. 2016 жылы жұмыссыздар көлемін анықтау әдісіне өзгеріс енді.  Қандай да бір азамат жұмыспен қамту орталығында «жұмыссыз» ретінде тіркеуге тұрып, әр үш күн сайын соны растап отырса ғана, жұмыссыз ретінде тіркеледі, - дейді экономист.

Маманның айтуынша, қызметтен шығып қалған азаматтар өз статустарын үш күн сайын растап отырмайды. Осылайша, - дейді маман, - жаңа есептеу жүйесінің әсерінен өткен жылмен салыстырғанда айлық табысы 30 мың теңгеге жетпейтін азаматтар саны 289 мыңға азайған. Ол жұмыссыздар саны ресми статистикадан үш есе көп болуы мүмкін екенін айтады.  

Экономика ғылымының кандидаты, Қазақстанның экономика және сауда экс-министрі Жақсыбек Күлекеев соңғы жылда жұмысы бар азаматтардың да, жұмыссыздардың да азайғанын, бұл жұмыссыз азаматтар мемлекеттің еңбекпен қамту бағдарламаларына сенбейтінінің көрінісі екенін жеткізді.

- 2015 жылы жұмыспен қамтылған халықтың саны 8 млн 625 мың адамды құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 8 млн 522 мыңға азайды. Логика бойынша, жұмыссыздар саны артуы керек. Бірақ олардың да саны 10 мың адамға қысқарды. Сонда олар қайда кетті? Бұл адамдар жаңа жұмыс іздеуге құлықсыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар категориясына кіріп жатыр деген сөз, - дейді профессор.

Мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтитындарды өнімді жұмыспен қамтығандар, экономикалық белсенді емес және өнімсіз жұмыспен қамтылмағандар деп үш санатқа бөлген. Халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес, бұл категорияға кіргендер ресми статистикада «жұмыссыз» ретінде тіркелмейді.

Экономист Рақым Ошақбаев өнімді жұмыспен қамтығандардың  99 пайызының, сондай-ақ өнімсіз қызметпен айналысатындардың 97 пайыз азаматтың айлық табысы Қазақстандағы орта айлыққа жетпейтінін айтады. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі еңбекке қабілетті халықтың 25,4 пайызын құрайды.

Ресми деректер бойынша, 1991 жылдан бері Қазақстанда жұмыспен қамтылған азаматтардың  саны 1 миллионға артқан. Бірақ, экс-министр Күлекеевтің пікірінше, мұндай өсім қаладағы қызметкерлердің есебінен емес, ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының артуына байланысты өскен. Экс-министр өзін жұмыспен қамтыған азаматтар кәсіби өсу туралы армандамайтынын, сәйкесінше өзінің білімін жетілдірумен айналыспайтынын айтады.

- Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қандай да бір табыс табуы үшін түрлі қызметпен айналыса береді. Олардың жартысынан көбінің айлық табысы 25 мың теңгеден аз, - дейді экономист.

Ол соңғы уақытта жұмыссыздардың арасында білімі барлардың саны көбейгеніне алаңдаушылық танытты.

- Соңғы жылдары жоғары я орта білімі бар болса да, жұмыссыз отырғандардың саны 30 пайызға дейін көбейген. Ал ешқандай жоғары білімі жоқ жұмыссыздар саны, керісінше, азайды. Бұл нені білдіреді? Мемлекет жоғары білікті емес, білімі жоқ азаматтарға жұмыс орнын ашып жатыр, - дейді ол.

Экс-министр Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері болашақта сұранысқа ие мамандықтарды анықтау үшін дұрыс зерттеу жүргізілмегенін, соның әсерінен нарыққа қажет мамандар белгілі болмай жатқанын айтады.

- Мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға еңбек нарығын зерттеу үшін арнаулы комитет құру керек екенін бірнеше жылдан бері айтып келемін. Ал министрлік бұған ақша жұмсағысы келмей, аз маманның көмегімен сараптама жасап отыр. Жұмыссыздық деңгейі төмен елдерде жүйе бұлай жұмыс істемейді, - дейді ол.

2016 жылдың қарашасында жарияланған ақпарат бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің саны 64,6 мың адамды құрап, 2015 жылдың қарашасымен салыстырғанда 11 пайызға өскен.  2017 жылғы ақпанда жұмыссыздар саны 432,1 мың адамға жеткен. Қазақстандағы жұмыссыздың деңгейі, ресми ақпарат бойынша, 4,9 пайызға тең.

Похожие материалы