Алматы. 19 сәуір. 7kun.kz - Прокуратураның Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының иелерімен кездесуінде субсидиялаудағы өзекті мәселелер көтерілді. Шаруа қожалығының жетекшісі Шахгусен Гусейнов ең алдымен мемлекеттік жүйеден қолдан жасалған бюрократиялық тәртіпті алу қажет деп есептейді. Бұл туралы palata.kz жазды.
«Өз шаруашылығымды мысалға отырып айтайын, субсидияны алуға біздегі қағазбастылық кедергі келтіріп отыр. Түрлі инстанциялардың арасында жүгіріп жүріп апта бойы құжат жинаймыз. Былтырғы жылы қызылшаның әр гектарына 30 мың теңгеден берілетін субсидияны желтоқсан айында алдым, ол уақытта әрине қажеті болмайды. Айтыңыздаршы, жылдың соңында субсидия алудың қажеті қанша?» – деді ашуға булыққан шаруа.
«Самай» шаруалық қожалығының жетекшісі Еркінбек Слямов прокурор назарын бюджет қаржысының бөліну механизмін әлді ашық ете түсу керектігіне аударды. Көксу мен Талғар аудандарындағы кәсіпкерлердің айтуынша, тағы бір мәселе бар: субсидия түгелдей алынбайды, қайтару жағы тіпті қиын. Өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға субсидияны қайтару тіпті қарастырылмаған.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп бөлімінің басшысы Дәурен Оңалбаев субсидия бөлуді ашық ете түсу үшін адами факторды алып тастау керек дегенді алға тартты.
«Бүгінде агроөнеркәсіп кешені саласында субсидияның 18 түрі бар. Барлық даулы мәселе осы субсидияны бөлу мен сол дотацияны беру кезінде туындайды. Сондықтан, бұл процесті автоматтандыру жоспарланып отыр. Келешекте субсидия бөлуде адамның қатысуын мүлдем алып тастау керек, банк жүйенің бағдарламалық қамтамасыз ету тәсілдерін қарастыру қажет», – деді Дәурен Оңалбаев.
Еске салайық, субсидияны шаруа, фермерлік қожалықтар немесе заңды тұлғалар ала алады. Жергілікті ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласқаннан кейін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидияланатын салалар тізімі беріледі. Субсидиялау ережесінде алу, есептесу тәртібі мен төлем және субсидиялаудың есебімен танысуға болады.