Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz - Қазақстандағы банк секторының активтері 2016 жылы 1,8 трлн теңгеге немесе 7,5 пайызға өсіп, 25,6 трлн теңгені (қазіргі курспен - 312,44/$) құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің жылдық есебінде көрсетілген.
2016 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы банк секторының кредиттік портфелі 15,5 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 0,3 пайызға азайған. Ұлттық банктің есебінде: "2017 жылы қаңтардың бірінде халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сай жүргізілген тексеру нәтижесінде банк секторындағы кредиттік портфель көлемі 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл жалпы жалпы кредиттік портфельдің 10,6 пайызы" делінген.
Негізгі қарызы бойынша мерзімі өтіп кеткен заемдар 1 трлн теңгеге жеткен. Бұл жалпы банктердің кредиттік портфелінің 6,7 пайызы.
2017 жылғы наурызда берілген кредиттердің көлемі 2017 жылғы ақпанмен салыстырғанда 191,6 млрд теңгеге немесе 27,4 пайызға өсіп, 889,9 млрд теңгені құраған.
Ұлттық банк таратқан ақпарат бойынша, 2015 жылдың наурызымен салыстырғанда шетелдік валютада берілетін қарыз 62,8 пайызға немесе 209,0 млрд теңгеге төмендеген. Ал 2016 жылғы бірінші тоқсанымен салыстырғанда, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 56,0 пайыз болды. Экономика салаларының ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттердің ең көп көлемі сауда (2017 жылғы наурызда 48,1%), өнеркәсіп (21,1%), құрылыс (11,3%) кәсіпорындарына берілген.
Есепте көрсетілген ақпаратқа сенсек, 2016 жылғы банктердің міндеттемелері 1,4 трлн теңгеге немесе 6,7 пайызға ұлғайып, 22,7 трлн теңгені құраған.
2017 жылы қаңтардың 1-індегі мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда 33 банк жұмыс істейді.