Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Forte bank проблемалы активтерін сата алмады

Forte bank проблемалы активтерін сата алмады

Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz - Бірыңғай электронды сауда алаңында сатуға шығарылған активтері Forte bank-ке тиесілі «Южполиметалл» қорғасын зауытын ешкім сатып алған жоқ. Бұл туралы Капитал хабарлады.

Аталған сауда алаңының сайтында 5 мамыр күні басталған аукционға қатысуға екеуден кем өтініш түскендіктен, сауда жасалмағаны айтылған. Сауда 1,8 млрд теңгеден басталған және одан ары жоғарылайды деп жоспарланған еді. Аукционға қатысу үшін қажетті кепілдік жарна 94,9 млн теңге болған.

Бірыңғай электронды сауда алаңының сайтында: «Қорғасын зауытының құрал-жабдықтары мен ғимаратының жалпы аумағы 165 218 шаршы метр және 84,0906 гектар жер учаскесі бар. Зауыт Шымкент қаласында орналасқан", - деп көрсетілген.

"Южполиметалл" Өндірістік корпорациясы" АҚ-ның ғимараты мен жер учаскесіне тыйым салынған. Аталған компанияның проблемалы активтері қазір Forte bank-тің иелігінде. Бұл активтер аталған банкке бұрынғы Альянс банк арқылы келген.

Естеріңізге сала кетейік, "Южполиметалл" Өндірістік корпорациясындағы проблемалар зауыттың бұрынғы Альянс банк алдындағы қарыздарын өтей алмағанынан басталған еді.

2014 жылы Альянс банк сот арқылы 11,6 млрд теңгені қайтаруды талап еткен (сол кездегі курспен - 61 млн доллар). Банк компанияның ұзақ уақыт бойы қарызын өтемегендігіне оның жалғыз акционері және президентін айыптаған еді. Сот банктің пайдасын шешім шығарған соң, Альянс банк кепілге қойылған мүліктерге мониторинг жүргізе бастайды. Нәтижесінде банкте кепілдікте тұрған мүліктің біраз бөлігі сатылып кеткені белгілі болды. Бірақ компания банкке ешқандай хабар бермеген.

Соңында қылмыстық іс қозғалып,  «Южполиметалл» ӨК-ның президенті Тұрсынбек Асанбаев 6,5 жылға, ал зауыттың заңгері Бауыржан Жақыпов 5,5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Похожие материалы