Алматы. 16 тамыз. 7kun.kz - «Даму» қоры мен ВТБ банкі АҚ ЕҰ (Қазақстан) арасында шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін қаржы бөлу жөнінде келісімге қол қойылды. Екі тарап 3 млрд теңгеден бөлді. Осылайша «Даму»-өңірлер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жалпы қаражат көлемі 6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Несие «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытуға арналған бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды қаржыландыру мақсатында беріледі.
Негізгі талаптары - несие алушының номиналды сыйақы мөлшерлемесі: - «Даму» қорының қаражаты бойынша жылына 14 пайызға дейін; - Банк бөлетін қаржы бойынша жылына 19 пайызға дейін; Бір кәсіпкердің қолына 500 млн теңгеге дейін тиеді; 84 айға дейін беріледі. Қаржы айналым қаражатын толықтыруға, жаңа құрал алып, негізгі жабдықтарды жаңарту үшін беріледі.
«Несие мөлшерлемесін төмендетумен қатар, «Даму-Өңірлер» бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкерлер қосымша қолдау да алады. Мысалы субсидиялау арқылы пайыздық мөлшерлемені 7-10 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік бар. Кепілзат жетіспеген жағдайда кәсіпкер «Даму» қорының несие сомасының 85 пайызына дейінгі кепілдемесін ала алады»,- деді «Даму» қорының Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.