Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz - Қазақстан мен Литва арасындағы теміржол транзиттік тасымалы 27,1 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің Литваның Қазақстандағы елшісі Витаутас Наудужаспен кездесуінде белгілі болды.
«Соңғы жылдары екі ел арасындағы қатынастардың даму динамикасы өскені байқалады. Мысалы, Қазақстан мен Литва арасындағы теміржол транзиттік тасымалы 27,1 пайызға өсті. Ол, сондай-ақ Литва компанияларын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында екі елдің транзиттік әлеуетін іске асыруға белсенді қатысуға шақырды. Биыл оң динамика сақталуда. Тек қана қаңтар айының өзінде транзиттік тасымал 2 есеге өсті. 2018 жылдың қаңтарында теміржол транзитімен тасымалданған тауарлардың көлемі 15,53 мың тоннаны құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,67 мың тоннаға артық (5.86 мың тонна)», - деді Жеңіс Қасымбек.
Өз кезегінде, елші Витаутас Наудужас сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға және өзара ынтымақтастық салаларын кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.
Жалпы, 2017 жылы елдер арасындағы тауар айналым 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе асып, 122,7 пайызға артып, 722,3 млн долларды құрады. 2016 жылмен салыстырғанда Қазақстанның Литваға экспорты (шамамен 240,9 млн АҚШ доллар) 2,5 есе өсті және 554,3 млн АҚШ долларын құрады. 2018 жылдың 27 мамырынан бастап SCAT қазақстандық әуе компаниясы Астана-Вильнюс жаңа әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр (рейстер VS-Boing 737 әуе кемесімен аптасына 2 рет, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады).