Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz - 6 сәуірдегі сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір аптаның ішінде 0,4 пайызға (318,31-ден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 319,66 теңге деңгейінде қалыптасты, деп хабарлады Ұлттық банк.
Сыртқы валюталық нарық тұрғысынан 2018 жылғы 30 наурыздан 6 сәуір аралығындағы маңызды оқиғалар АҚШ пен Еуроаймақтағы халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша деректер, Еуроаймақтағы инфляцияның өсуі бойынша деректер, ФРЖ өкілдерінің монетарлық саясатқа және экономикалық өсуге қатысты түсініктемелері, АҚШ-тың Қытаймен әлеуеттік сауда –саттық аясындағы жаңалықтар болды. Осы факторлар әлемдік нарықтарда АҚШ доллары бағамының біршама құбылмалығына әкелді.
Дамушы елдердің валюта бағамдарының АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:
Түрік лирасы бір жыл ішінде тұтыну бағасы индексінің 10,23 пайызға өсуі аясында 2,3 пайызға (3,96-дан 4,05-ке дейін) әлсіреді, бұл нысаналық деңгейден (5 пайыз) және нарықтың күтуінен (10,03 пайыз) жоғары;
Бразилия реалы Бразилияның экс-президенті Луис Инасиу Лула да Силваны сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы жоғарғы соттың қаулысының және оны 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы қаулының аясында 1,8 пайызға (3,31-ден 3,37-ге дейін) әлсіреді;
Оңтүстік Африка рэнді президент Сирил Рамафоздың Eskom Holdings SOC Ltd. (энергиямен қамту) және Transnet SOC Ltd. (темір жолдар мен порттарға қызмет көрсету) компанияларындағы жемқорлық туралы мәлімдемесінің аясында 1,6 пайызға (11,84-тен 12,03-ке дейін) әлсіреді.
Ресей рублі Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуы ықтималдығын зерттеу аясында Ресейдің кейбір компанияларына, шенеуніктері мен азаматтарына қарсы санкцияларды кеңейту, сондай-ақ мұнай бағасының әлсіреуі аясында 1,3 пайызға (57,34-тен 58,10-ға дейін) әлсіреді.
Мексика песосы 0,6 пайызға (18,18-ден 18,29-ға дейін) әлсіреді;
Индонезия рупиясы 0,4 пайызға (13 728-ден 13 778–ге дейін) әлсіреді;
Үндістан рупиясы 0,3 пайызға (65,18-ден 64,98-ге дейін) нығайды.