Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz - Шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық компаниялармен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
«Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Сондықтан Қазақстанда шетелдік қаржылық емес ұйымдардың қызметі кеңейтілді. 2020 жылғы желтоқсаннан бастап шетелдік банктер және сақтандыру ұйымдары филиалдары арқылы Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. 2015 және 2017 жылдары Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймақтары құрылды. Олардың аумағында валюталық реттеудің ерекше режимі көзделеді. АХҚО туралы конституциялық заңға сәйкес оның аумағында валюталық операцияларды жүргізу тәртібі Ұлттық банкпен келісе отырып белгіленеді. Осы орайда, заң жобасын әзірлеу қажет болды», - деді Д. Ақышев.
Атап айтқанда, заң жобасының негізгі міндеті - валюталық операциялардың мониторингін кеңейту және Қазақстан аумағындағы шетел валютасымен есеп айырысуды қысқарту. Аталған нормаларды іске асыру валюталық бақылау тиімділігін, оның ішінде елден ақшаны әкетуге қарсы іс-қимылды арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасында либералды валюталық реттеу қағидаттарын сақтау көзделген. Бұл азаматтарға және бизнес субъектілеріне қосымша жүктемесіз Қазақстан Республикасы интеграциялық бірлестіктер және халықаралық ұйымдардағы мүшелігі аясында қабылдаған халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді.
«Қолданыстағы заңнама бойынша шетелдік ұйымдардың филиалдары бейрезиденттер болып саналады. Бұл оларға Қазақстанның ішінде резиденттермен валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық компаниялар үшін бұған тыйым салынған. Мәселен, 2017 жылы шетелдік компания филиалдарының резиденттермен валюталық операциялар көлемі 2,7 млрд АҚШ долларды құрады. Қазіргі уақытта елімізде шетелдік ұйымдардың 4,5 мың филиалы тіркелген. Дүниежүзілік сауда ұйымына толық кіргеннен кейін, оның санының ұлғаюы күтіледі. Сәйкесінше, ел ішінде шетел валютасындағы төлемдер көбейеді, бұл ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық компаниялармен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Қызметі мемлекеттің атынан жасалған келісімдер арқылы реттелетін компанияларға өзгерістер қолданбайды. Олар бейрезидент мәртебесінде қала береді», - деп нақтылады ҰБ басшысы.
Данияр Ақышевтің атап өтуінше, осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттарға қатысты талаптардың нашарлауы көзделмейді. Бұл түзетулер жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнесті жүргізуге тең жағдайлар жасайды.