Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақордада не болып жатыр?

Ақордада не болып жатыр?

Күні кеше ғана Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаевтың тұтқындалғанын хабарлады. Есіктен енді кірген 2017 экс-министр Қуандық Бишімбаевты, БЖЗҚ басшыларын да қамауға алды. Соңғылары "әдеттегі" жемқорлыққа байланысты күдіктелсе, алдыңғы кейіпкер "мемлекет құпиясын жариялаушы" ретінде танылды. 

 "ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз мемлекеттік құпия жинақтады, таратты деген күдікпен Президент Әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері Майлыбаев пен Галихин тұтқындалды. 14 қаңтарда Астана қаласының Есіл аудандық соты 2 айға қамау туралы санкция берді. Тұтқындалғандар ҰҚК-нің тергеу изоляторына жіберілді. Тұрғылықты орындарына тінту жүргізіліп, заттай дәлелдер алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада Майлыбаев ісі туралы.
Айта кетейік, Майлыбаевтың қамалғаны туралы қауесет 13 қаңтарда пайда болды. Құзырлы органдар ресми мәлімдеме берген жоқ. Отандық БАҚ-тың жазуынша, Ақордадағы қамаулар ұлттық экономика министрінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтің ісіне байланысты болған. Еске салайық, экс министрді "Бәйтерек" Ұлттық холдингінің басқарма төрағасы болғанда ірі мөлшерде пара алды деп айыптап отыр.

Бірақ Майлыбаев пен Галихин туралы ҰҚК таратқан баспасөз хабарламасында Бишімбаев туралы еш ақпарат жазылмаған. Оларға қатысты Қылмыстық Кодекстің 185-бабы  Конститутциялық құрылым және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасады дегенді білдіреді. Бұл бап бойынша 5 жылдан 8 жылға дейін қамауға алынуы немесе "мемлекеттік опасыздық" сипаттары байқалмаса 3 жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетіледі. Алайда, опасыздық белгісі байқалса 15 жылға дейін қамауға алынуы мүмкін.

Бағлан Майлыбаев осы жылдың 12 қаңтарына дейін Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінде болып, мемлекет басшысының жарлығымен орнынан босатылды. Сол күні бос орынға Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин тағайындалды. Сарапшылардың сөзінше, Тәжин республикадағы ішкі саясаттың жаңа кураторына айналды.

[caption id="attachment_59645" align="alignnone" width="1000"] Бағлан Майлыбаев, Фото:assembly.kz[/caption]

41 жастағы Бағлан Майлыбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. 2000 жылдардың басында «Казахстанская правда» АҚ-ның президенті болды. Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің жетекшісі, мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметінде жұмыс істеген. 2011 жылдан бері Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болды.

Жыл басынан бері жалғасып келе жатқан жанжалды тұтқындауларға көпшіліктің таңғалғаны жасырын емес. Сарапшылардың пікірі әрқилы. Танымал қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев Майлыбаев мемлекеттік сатқынға немесе тыңшыға ұқсамайды деп есептейді. Назарларыңызға Әшімбаевтың REGNUM агенттігіне берген сұхбатын ұсынамыз.

- Майлыбаевты алғашында жемқорлық бабы бойынша тұтқындады, енді мемлекеттік құпияны таратты деп күдіктенеді. Жалпы Ақордада не болып жатыр?

Ақпарат әлі аз. Мәселе мемлекеттік құпия туралы болғандықтан қылмыстық процесс те жасырын режимде өтуі мүмкін. Менің ойымша, елімізде болып жатқан саяси күрес бір шекарадан асып кетті. Соңғы уақыттары жаппай компроматтар жарияланып, қамаулар жиіледі. Республикадағы ақпараттық және ішкі саяси сфераларды бақылап отырған персоналар белгілі бір шеңберден шығып кетті. Бірақ олардың әрекеті елдің мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қарсы келеді. Билік үшін күресте көпшілігі ішкі және сыртқы аумақтағы топтардың қолдауына ие болғысы келеді. Тіпті үкімет ауысса қандай да бір ірі державаның көмегіне ие болғысы келетін ниеттері де бар. Ақордадан келген қауесетке сенсек, ҰҚК-ның экс-басшысы Нартай Дүтбаев елдегі кейбір ірі жоғары лауазымды шенеуніктердің компроматтарын Мұхтар Әбілязовқа жеткізген, яғни оларды ізбасар болу құқығынан айырған. Ал Майлыбаевтың ісіне келсек, жауабы жоқ сұрақтар көп. Оның қамауға алынуы туралы ақпарат бірнеше күн бойы белсенді талқыланды. Тұтқындалғаны туралы ақпаратты Жемқорлықпен күрес бойынша ұлттық бюро немесе Бас прокуратура емес ҰҚК растағандықтан, мәселе саяси ойынға қатысты деп айтуға болады. 

 - Бірақ оның қамауына нақты не себеп болуы мүмкін?

Майлыбаев ішкі саясатқа соңғы 5 жыл басшылық етті. Бірден айта кету керек, бұл үлкен достар табатын лауазым емес, әр шешіміңе ренжитіндер әрдайым табылады. Қызметтің өзіне үміткерлер де аз емес. Президент Әкімшілігінде Майлыбаев өзіне жасалған 2-3 шабуылды тойтара білді. Сондай-ақ ішкі саяси сфераға кейбір жоғары лауазымды шенеуніктерді жібермеуге тырысатын. Яғни өзінде бар ақпаратты қарсыласына кері пайдаланған деп айтуға болады. Тек ішкі емес сыртқы саяси ойындарда пайдалануы мүмкін. Бірақ мұның барлығы тек болжамдар, себебі ақпараттық кеңістіктегі мәлімет аз.

Майлыбаеты мақтауға да, даттауға да болады. Қалай дегенмен 5 жылдық тәжірибесі бар. Осы аралықта одақтастары мен дұшпандарына да қатысты қандай-да бір ақпаратқа ие болғандығы анық. Өзара отырыстарда "тыңшы", "мемлекетті сату" деген сөздер айтылғанымен ол сатқынға ұқсамайды деп ойлаймын. Мәселе ұзақ уақытқа салдары болған саяси қателікте, ол мемлекетке қарсы болмаса да кейбір жағдайға қарсы әсер еткен шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ ол сатқынға ұқсамайды.

- Ал жақында "Құрмет" орденін (мемлекеттік органдағы үлгілі қызметі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін беріледі - ред.) иеленген Николай Галихинге қатысты не айтуға болады?

Егер қателеспесем, Николай Галихин Ресей елшілігінде, кейінірек Қазақстан Президентінің баспасөз қызметінде жұмыс істеді. Соңғы уақытта Президент әкімшілігінде яғни Майлыбаевтың командасында болды. Өзімен жеке таныстығым болмағаннан кейін оған нақты мінездеме беру қиын. Дегенмен ол Майлыбаевтың жұмысындағы орындаушылардың бірі болуы мүмкін.

- Майлыбаевтың Ресей Федерациясы президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітіргенін, ал Галихиннің Ресей елшілігіндегі жұмыс істегенін ескерсек, Қазақстанның мемлекеттік құпиясы көрші елге жіберілген деген қауесеттер қаншалықты рас?

Ресей - мемлекет, Ресей - ақпараттық кеңістік. Тұтқындалғандардың өз мәселелерін шешу үшін ресейлік БАҚ-тың қызметін пайдаланулары да әбден мүмкін. Бірақ Мәскеу Майлыбаевты Қазақстандағы желісін жүргізуші ретінде қарастырды деп ойламаймын. Әрине, оның қолдауы арқылы Еуразиялық интеграция бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілді, дегенмен тек ақпараттық немесе сараптамалық серіктестік аясында ғана. Майлыбаевты ресейлік шенеунік деп есептеу, шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовты ресейлік тыңшы деп есептеумен тең. Әрі Ресей Федерациясы Шымкенттегі сыра зауытының басшысын немесе Президент Әкімшілігі жетешісінің орынбасарын басты ролге қояды дегенге сенудің өзі қиын. Елімізде маңызды тұлғалар көп, ал Майлыбаев Назарбаевтың мұрагерлігіне үміткерлердің қатарында тұрған емес. Ресейлік билікпен қандай-да бір шаруасы болса, бұл жерден олар қазақстандық саяси алаңға ықпал етті деген болжам жасауға болмайды.

Айта кетейік, Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында тұтқындалды. Жарты жылдан кейін ҰҚК Төлешов мемлекеттік төңкеріс жасап, трансұлттық қылмыстық топ арқылы билікке келуді жоспарлаған деп айыптады. Ресейлік ұйымдарда мүшелікте болғандықтан төңкеріске Кремльдің де қатысуы болуы мүмкін деген қауесет те таралды. 2016 жылдың 7 қарашасында шымкенттік кәсіпкерді 21 жылға түрмеге жапты. 

Данияр Әшімбаев айтқан Нартай Дүтбаев өткен жылдың 26 желтоқсанында мемлекеттік құпияны жариялап, билігін асыра пайдаланды деген күдікпен тұтқындалды. ҰҚК-ның бұрынғы басшысының ісі жасырын режимде өтіп жатқандығына қарамастан бірнеше күннен кейін оны тек мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін ғана емес, Назарбаевтың саяси оппоненті Мұхтар Әблязовқа қолдау бергені үшін тұтқындаған деген қауесет шықты.

Похожие материалы