Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақша-несие саясатының сценарийін қайта жазсақ

Ақша-несие саясатының сценарийін қайта жазсақ

МЮНХЕН – Әлемнің ең ірі орталық банктері инфляцияны ауыздықтап, өсімді ұлғайту үшін қашанғы қатаң ережелерге сүйене бермек? Епті ақша-несие саясатының жақсы жақтарын ескере келе орталық банктер бейімделгіштікке де мән бере бастауы қажет.

Ақша-несие саясатын жасаушылардың қалыптасқан дәстүрі – егер инфляция ресми болжалған диапазоннан көп уақыт төмен тұрса, қысқа мерзімді пайыздық үстемелер шығындар мен инвестицияға серпін беретіндей деңгейде белгіленуі керек. Бұл тәсілдің ерекшелігі – пайыздық үстемелер нөлге жақындағанда орталық банктердің сұранысты арттыру үшін активтерді сатып алу бағдарламаларын іске қосудан басқа амалы қалмайды. Егер жағдай соған жетсе, саяси шешім қабылдаушылар жаңа Кейнс экономикалық моделі негізіндегі белгілі сценарийлер бойынша дефолт жариялайды.

Бірақ өте көп жағдайда бұл сценарийлер бізді шатастырады, себебі ақша-кредит саясатының сұраныс пен инфляцияға ықпалын өлшеуге және болжауға болады деп ойлайды. Бірақ бұл тұжырымды жоққа шығаратын себептер жеткілікті.

Біріншіден, отбасылар пайыздық үстеме тым төмен болса да, ақшаны аз сақтап, көп жұмсаған жоқ. Ақша жинау табыс келтірмейтін болса, адамдар қымбат заттар сатып ала бермейді, немесе кейін болатын зейнеттік демалысына ақша жинамайды. Дәл сол сияқты тәуекел өте көп болғандықтан, компаниялар да әрі-сәрі күйде тұр, капиталдың бұрын болмаған деңгейге дейін арзандауы оларды көбірек инвестиция салуға итермелеген жоқ.

Осы мәліметтерге қарамастан, ақша-несие саясатын жасаушылардың бұрыннан бар формулаларға неліктен сүйене беретінін түсіну оңай. Белгілі қағидаға сүйенсек, инфляция деңгейін лайықты деңгейге жеткізу үшін экономикадағы олқылықтардың барлығы түзетілуі керек. Бұл пайыздық мөлшерлемені мейлінше төмендетуді талап етеді, ал бұл саясат жүзеге асырылғанда (мөлшерлемелер минусқа дейін түсіп кеткенде) өсім мен инфляцияны қайта қалпына келтіру үшін «сандық жеңілдету» сияқты әдеттегіден тыс құралдарды қолдану қажет. Бұл парадигманы жұрттың бәрі қабылдағаны, әрі орталық банктердің шешім қабылдауына негіз болатын модельдердің күрделі болатыны сондай, оған күмәнданатындар өте сирек. Жекелеген орталық банктер мен экономистер үшін бұл – қасиетті нәрсені қорлау болар еді.

Орталық банктер бұл саясаттың экономикалық шығындарын, атап айтқанда қаржы нарықтарының шектен тыс толып кетуі, жинақтаушы зейнетақы жүйелеріндегі қаржылық жыртықтарды жамау қажеттігі, байлар мен кедейлер арасында теңсіздіктің артуы сияқты мәселелерін толық жоққа шығармайды. Бірақ инфляцияның нақты белгіленген межесіне жету үшін бұл – оңтайлы баға.

Бірақ, соңғы жылдары жүргізілген саясат материалдық емес активтерге орын қалдырмады, тұрақсыз саяси жағдай, геосаяси тартыстар, қаржы нарықтарындағы тәуекелдің артуы – бұлар модельді бағытынан тайдыруы мүмкін. 2008 жылғы дағдарыс дәлелдегеніндей, тәуекелді қалыпты нормада белгілеудің өзі іске алғысыз болып қалды.

Кейнс белгісіздік тұтынушы мен инвестордың үмітін азайтатындай күшті болса, онда ақша-несие саясаты тиімсіз болып қалады дегенді айтудан шаршаған емес. Өкінішке қарай, орталық банктердің көбі мұны ұмытып кетті. Жапония банкі, Англия банкі, Еуропаның орталық банкі қатаң саясатқа бағынуға құштар. Экспансиялық саясаты инфляцияны алдын ала белгіленген 2 пайызға дейін көтере алмаса, онда олар өз модельдеріне күмәнданбайды, олар тек саясаттың дозасын көбейтеді, нарықтың күтіп отырғаны да – осы.

Әзірге ірі орталық банктердің ішінде тек АҚШ Федералдық резервінің ғана икемді құралы бар. Инфляциялық қысыммен қоса, Федералдық резервтің ақша-несие саясаты жұмыссыздық статистикасын, өсім туралы, қаржы нарықтарындағы тұрақтылыққа қатысты деректерді назарда ұстауы керек. Бірақ Федералдық резервтің бұл икемділігіне де қатер бар. Республикалық партия депутаттары инфляцияны ауыздықтау үшін Федералдық резервті қатаң саясатқа қалай матап қоюдың жолын (инфляция мен өндіріс көлемі бойынша федералдық қорлардағы өзгерістерді алдын ала анықтауды көздейтін Тейлор формуласының көмегімен) ақылдасып жатыр. Бұл шешімнің қате болатыны айтпаса да түсінікті.

Жаңа Кейнс теориясына тым әуес Орталық банктер (заң шығарушыларды айтпағанда) ондаған жылға созылған ақша-несие саясаты экспериментінің сабағын көзге ілмей отыр: ақша-несие саясатының ықпалын айқындықпен әрі дәлдікпен болжау мүмкін емес. Бірақ оның ықпалына сену инфляцияның қазіргі көрсеткіштеріне сенуге жол ашады. Егер орталық банктер осы бір тым тар аралыққа сыя алмаса (төмен, бірақ 2 пайызға жақын), олар үміт күткендердің қақпанына түсіп қалады, мұнда нарықтар өз мақсаттарына жету үшін ақша-несие «дәрісінің» үлкен дозасын қажет етеді.

Анығында, бұл ақша-несие саясаты экономикаға қосымша шығын және қатер төндіреді. Орталық банктер қаржы агенттеріне қатты ұқсап кетеді, бұл олардың легитимділігін төмендетеді.

Ақша-несие саясаты үнемі тиімді бола бермейтінін дәлелдеп, қатаң ережелерді алып тастайтын жаңа да шынайы ақша-несиелік парадигма қажет. Бұл орталық банктердің ақша-несие саясатының шығындары мен тәуекелдерін ескеруге көбірек мүмкіндік берер еді. Бұл парадигманы қолданса, орталық банктер пайыздық мөлшерлемені минусқа жіберуден, активтерді жаппай сатып алудан құтылар еді. Олар инфляция деңгейін анықтауда икемділік танытып, мұнай бағасы арзандағанда, жалақы мөлшерін реттеу сияқты белгісіздік кездерінде, 2 пайыздан жоғары не төмен жылжытатын қажетсіз әрекеттерге барудан құтылар еді.

Бәлкім ең маңыздысы – жаңа парадигма орталық банктің күші мен болжау мүмкіндігінің шектеулі екеніне көз жеткізеді. Бұл ұзақ мерзімді даму үшін өте қажет нәрсе – құрылымдық реформаларды жүзеге асырмау үшін үкімет үнемі тасада тығылып тұрады деген алибиді жоққа шығарады.

Автор туралы: Майкл Хейз - Allianz SE компаниясының бас экономисі, «Еуро қарыз дағдарысынан бас көтеру: ортақ валютаны іске қосу» еңбегінің авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org

Похожие материалы