Экономика
Абылай Мырзахметов ҰКП және "Самұрық-Қазынадағы" жалақы мөлшерін атады
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Алматыда журналистермен кездесуінде ҰКП және "Самұрық-Қазына" қорында берілетін жалақылар көлемін атады.
-"Біздің артық шығындарымыз жоқ. Вера Кобалияның ("Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары - 7kun.kz) 1,2 млн теңге алатынын естігенде біздің арымыз таза екен деп ойладым. Алып отырған 750 мың теңгемізді (Абылай Мырзахметовтың "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы ретінде алатын жалақысы - 7kun.kz) ақтауға тырысамыз. Менің бұрынғы әріптесім Рахметов мырза ( "Самұрық-Қазына" қорының басқарма мүшесі, қаржы директоры - 7kun.kz) 1,8 млн теңге алады қателеспесем және көп жұмыс істейміз деп есептейді, - деді ол.
ҰКП басшысының сөзінше, Ұлттық палатадағы штатты оңтайландыру жыл соңына дейін "қатал болмаса да, таң қалдыратындай" деңгейде өтеді. Аймақтарда штатты оңтайландыру басталып кетті.
- Оңтүстік Қазақстанда 10 адамды қысқартпаймыз, олар жарты айлыққа жұмыс істеуге дайын деп хабарлады. Біз де бұған баруға дайынбыз. Аймақтағы жалақы 60-70 мың теңге көлемінде ғана. Біз жалақыны қысқартпай, оның 60-70 пайызын тұрақты қылуды ұсынып отырмыз. Бұл қызметкерлерді нәтижеге мотивациялау болмақ. Ал 30-40 пайызын KPI-ге байлаймыз, яғни жеткен жетістіктері үшін бонус ретінде берілмек.
А.Мырзахметовтың атап өтуінше, Ұлттық палатаның орталық аппаратында 272 қызметкер жұмыс істейді. Олардың жүзін қысқарту жоспарланған.