Бұл оқиға 1920 жылдары Германиядағы Херцогенаурах қаласында басталды. Рудольф Дасслер 1898 жылы 26 наурызда дүниеге келген. Оның отбасы аяқ киім және кір жуумен айналысатын. Екі жылдан кейін оның інісі Адольф дүниеге келді. Ағайындылар спортты жақсы көрді және үнемі бір-бірімен қарсылас болатын.
Ағайынды Дасслер шеберханасы
Спортқа қызығатын жас Ади Дасслер бір күні анасының кір жуатын бөлмесінде өзіне спорттық аяқ киім тіге бастайды. Және ол ісі табысты бола бастайды. Біраз уақыттан кейін ол ағасы Рудольфты серіктесі қылып алады. Рудольф аяқ киім тігуді түсінбегенмен сатуды жақсы білетін. Бұл олардың табысқа жетуіне жақсы мүкіндік болды– бірі идея ойлап тапса, екіншісі клиенттерді іздеп және тауар сатып алуға көндіретін.
Олардың алғашқы фирмасы - Gebrüder Dassler (ағайынды Дасслер) 1924 жылы ашылды. Өнім сапалы болғандықтан, сұраныс көбейіп, өндірісі бірте-бірте кеңейді. 1928 жылы Амстердамдағы Олимпиада ойындарына бірнеше спортшы Gebrüder Dassler спорттық аяқ-киіммен шықты. Бұл ағайындылар үшін алғашқы үлкен жетістік болды.
Төрт жылдан кейін Лос-Анджелестегі ойындарда неміс Артур Йонат 100 метрге жүгіруде ағайынды Дасслер кроссовкасымен қола жүлдені жеңіп алды.
Дасслерлерді Берлин Олимпиадасының басталуына дейін - Херцогенаурахтың ең бай отбасы болды. Олар үлкен үй сатып алып, онда барлығы бірге тұрды: бірінші қабатта - Адольф отбасымен, екінші қабатта - Рудольф отбасымен, олардың үстінде - ата-аналары. Көп ұзамай үйде жиі жанжал шығып, Рудольфтің әйелі Фридль Адольфтің жары Катимен ұрысып, ағайындылардың әрқайсысы өз әйелін қорғады. Отбасының татулығы осылай ажырай бастайды.
1936 жылы әйгілі афроамерикандық жеңіл атлет Джесси Оуэнс Германиядағы Берлиндік Олимпиада кезінде төрт алтын медаль жеңіп алды. Ол ағайындылардың кроссовкаларын киген еді. Бұл сатылымның күрт өсуіне әсер етті.
Бірінші жанжал
Екі ағайынды ұлтшыл болған. 1932 жылы олар НТАП үшін дауыс берді, ал 1933 жылдың мамырында партия мүшелері болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін ағайындыларға Үшінші Рейх үшін әскери аяқ киім жасауына тура келді. 1943 жылы Адольф мен Рудольф майданға шақырылады. Алайда, Адольф көп ұзамай оралып фабриканы басқаруды жалғастырады.
Әскердегі Рудольф екі жыл бойы баспаханалық бюрода жұмыс істеді, кейін гестапо тұтқындаған үйіне қашады.
Концлагерьге барар жолда оны америкалық сарбаздар босатып, одан кейін оны қайтадан тұтқындады. Тұтқындау кезінде өзінің інісі Адольф жала жапқанын біліп, Рудольф үшінші Рейхке арналған аяқ киім өндіру бастамасы толық Адольфқа тиесілі деп мәлімдеді.
Бұдған кейін фабрика АҚШ үшін хоккей конькилерін шығаруға міндеттелді.
Олар спорттық аяқ киім өндірісін тек 1946 жылы қайта бастады.
1948 жылы Кристоф Дасслер қайтыс болды - ағайындылардың әкесі көзі тірісінде оларға түпкілікті ренжіспеуге және компанияны бөлуге жол бермеген жалғыз адам. Әкелері қайтыс боғлан соң ағайындылар бөлініп, қалада екі спорттық аяқ киім фабрикасы - Adidas және Ruda пайда болды.
Ағайынды Дасслер майданы
Бірнеше ай өткен соң Рудольф фабрикасының атын Puma-ға өзгертті. Ал Адольф бір әріп қосып, бауырымен бірге шығарған өнімдердегі екі жолаққа тағы біреуін жапсырды. Ағайындылардың екіге бөлінуі Херцогенаурах қаласының тұрғындарын да жауластырып қойды. Өйткені тұрғындардың жартысы Ади-да, жартысы Рудольф-те жұмыс істеді.
Фабрикалар бір-бірінен 500 метр қашықтықта орналасты. Үнемі бәсекелес болған олар бір-ірінен асып түсуге ұмтылатын. Бірінші үлкен жеңіс Аdidas-та болды: футболдан ГФР құрамасының жаттықтырушысы дымқыл газонға арналған бутстерді алуға жасырын келісім-шарт жасады. Көп ұзамай үш жолағы бар аяқ киіммен бүкіл команда жаттыға бастады.
Рудольф бұған өте қатты ашуланатын, - дейді Хельмут Фишер. - Зепп алдымен бізге келді, бірақ келісімшарт жасауға ақша жетпеді. Бірақ Puma 1952-1953 жылдары Батыс Германия лигасын қамтамасыз ете отырып, бутсы жасады.
Ағайындылар арасындағы бәсеке өте қатты болды, тіпті олар қызметкерлеріне бәсекелес компаниямен қатысы бар адамдармен некеге тұруға немесе кездесуге қатаң тыйым салынды. Фирмалар «тыңшылық жасады», деп бір-бірін үнемі айыптайтын.
Жанжалдың соңы
Рудольф Дасслер 1974 жылы 76 жасында өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Адольф дін қызметкерлеріне телефон арқылы ағасын кешіретінін айтқанымен, жерлеу рәсіміне келмеді. Өзі төрт жылдан кейін өмірден өтті. Алайда компаниялар арасындағы қақтығыстар жалғаса берді. Қақтығыстар Адольф Дасслердің мұрагерлері бір-бірімен жанжалдасып, жарты миллиард доллардан астам жылдық айналымы бар Adidas-ты 390 миллион долларға сатқанға дейін аяқталмады.
2009 жылы, 60 жылдық бөліністен кейін, компаниялар татуласу матчын өткізді. Олар мұны халықаралық бейбітшілік күні - 21 қыркүйек күні жасаған.
«Біз спорт адамдарды жақындастыра алатынына сенеміз», – деді Аdidas басқарма төрағасы Герберт Гайнер. Оны Puma басшысы Босс Йохен Цайтц: «Бұл біздің компаниялар үшін маңызды күн», - деп қолдады. Алайда бұған қарамастан компаниялар спорт тауарлары өндірісінде әлі де бәсекелес.
Әлишер Асқарбек