Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматы облысында кәсіпкердің бір жылда беретін парасының көлемі 148 мың теңге

Алматы облысында кәсіпкердің бір жылда беретін парасының көлемі 148 мың теңге

Алматы. 15 сәуір. 7kun.kz - Алматы облысының кәсіпкерлері жылына 148 мыңнан астам теңге көлемінде пара береді. Экономикалық зерттеулер институты ұсынған «Іскерлік климат» рейтингісінің қорытындысы осындай. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш рейтинг кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай мен мемлекеттік органдар қызметін бағалайды. Рейтингі анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамаға кәсіпорын жетекшілері мен алдағы уақытта өз бизнесін ашқысы келетін азаматтар қатысты. Рейтингте Алматы облысы 16 аймақ ішінен 11 орынды иеленді.

Жемқорлықтың таралу факторы бойынша Алматы облысы - 9 орында (5 %). Ал еліміздегі орташа көрсеткіш 7%-ды құрады. Айта кетейік, аймақтардың жартысынан астамы республикалық орташа көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетті. Аталмыш факторды есептеу барысында бизнеспен тығыз жұмыс істейтін 8 ұйым мен ведомствоның қызметі сараланды. Ал ең парақор аймақ болып Маңғыстау облысы (20%) танылды. Одан кейін ОҚО (12%), Жамбыл мен Ақтөбе облыстары (11%) аталады.

«Сала бойынша жемқорлық фактілері пайда болатын фактілерді зерттеу барысында сұралғандардың 41%-ы мәселені коррупциялық жолмен шешуге болатын жағдайға кездескенін немесе ол туралы естігенін растаған. Кәсіпкерлер соңғы бес жылда денсаулық сақтау (40%) мен тау-кен өндірісі саласында (29%) парақорлық деңгейі өскенін айтып отыр. Өз кезегінде жылжымайтын мүлік және ақпарат пен байланыс бағытында «сатып алу» азайған», - делінген сараптамада.

Сондай-ақ, сарапшылар жемқорлықтың көлемі мен шығын мөлшерін анықтаған. Мәлім болғандай, Алматы облысының бір кәсіпкері жылына пара беруге 148 611 теңге жұмсайды. Бұндай шығын бойынша рейтингте облыс бесінші орынды иеленген. Соңғы бес жылда аймақта жемқорлық 6%-ға (орташа республикалық көрсеткіш 16%) жоғарылаған.

Алматы облысында көлеңкелі экономика айналымы да артып отыр. Бақыланбайтын экономика көлемі 7,2%-ды құрады. Бұл рейтинг бойынша аймақ алтыншы орында.

«Қазақстанда кәсіпкерлердің шынайы ақпаратты жасыруын салық төлемдерінің жоғары болуымен түсіндіруге болады. Бұл барлық себептердің 24%-ы. Екінші күрделі себеп – жоғары бәсекелестік (20%). Жариялы құралдарды (технологияны, адами капиталды жақсарту), есепке алмағанда, кәсіпкерлер екі тарапқа да тиімді шығатын заңсыз келісімдер жасауға жүгінеді», - дейді сарапшылар.

Сондай-ақ, сауалнама қорытындысы бойынша, кәсіпкерлердің үштен бір бөлігі салық қызметіне нақты ақпаратты жарияламайтыны белгілі болды. Оның көпшілігі, яғни 36%-ы кәсіпорынның кірісін, одан соң қызметкерлердің еңбекақысы (32%) мен жұмысшылар санын (31%) жасырады.

Похожие материалы