Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматы тұрғындары ескі ғимараттың сүрілуіне қарсы шығуда

Алматы тұрғындары ескі ғимараттың сүрілуіне қарсы шығуда

Алматыда архитекторлар, мүсіншілер, әртістер және телевизия қызметкерлері мен өнер қайраткерлерінен құралған қоғамдық белсенділер тобы Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысындағы №115-ғимараттың сүрілуіне қарсы шықты.

Өткен аптада Алматы орталығындағы ғимараттың сүрілетіндігі туралы хабар тараған еді. Жаңалық қоғам арасында үлкен дүрбелең туғызды. Осыған дейін үкіметтік ғимараттар кешенінің құрамына кірген нысанның қазір жекеменшікте екендігі анықталды. Оның иелері көп функционалды көп қабатты кешенді орталық салуды жоспарлап отыр. Салушының айтуынша, ғимараттың жағдайы қанағаттанарлық емес және тарихи құндылықтар тізіміне кірмейді. Осы арада, ғимаратты сүруге қарсы шыққан топ нысанның кірпіш қабырғалары мен бетон жабындылардың жағдайы қанағаттанарлық деп мәлімдеді. Олардың ақпаратынша, 2007 жылы жүргізілген техникалық бағалау 1954 жылғы құрылыс тек 41 пайызға ғана тозған деген нәтиже көрсеткен. Белсенді топ Алматы орталығында тарихи және эстетикалық құндылығы бар ескі ғимараттарды бұзуға мораторий енгізуді ұсынып отыр. Бұл үшін архитектураға өзгеріс енгізуге тыйым салынған қала аумағын заң жүзінде бекіту керек деген ой айтылды. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысы мен қала әкімінің атына Желтоқсан көшесіндегі №115-ғимаратты сүруге тыйым салуды сұраған хат жолдады. Журналистер бұл проблемаға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын да тартты. Оның айтуынша, ғимарат республикалық тарихи-мәдени нысандардың тізімінде жоқ. "Жергілікті деңгейдегі тарихи-мәдени маңызы бар ғимараттардың екінші тізімі бар. Менің ойымша, аталған обьект жергілікті атқарушы органдардың тізіміне енеді және шешімді де солар қабылдайды", - деді министр. Айта кетейік, Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы ғимараттан жалға алушылар көшіп кетті, есікте фирманың көшкендігі туралы хабарландыру ілініп тұр. Барлық желдеткіштер алынып, терезелердің жартысы сүрілген.

Похожие материалы